Олимпиадалық бағыт: Қазақстандағы қысқы спорт түрлерін дамыту стратегиясы

3058
Фотосурет: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен қысқы спорт түрлерін дамыту және 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына, 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада мен XIV қысқы Паралимпиадаға дайындық бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жиынға облыс және республикалық маңызды қалалардың дене шынықтыру және спорт басқармалары мен қысқы спорт түрлері бойынша федерация басшылары, сондай-ақ бас жаттықтырушылар қатысты. ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары Азамат Имашев пен Асқар Можанов, Ұлттық паралимпиада комитетінің бас хатшысы Олжас Ақпамбетов, шаңғы спорт түрлері қауымдастығының бас директоры Ильхам Хананов, Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясының Бас хатшысы Олжас Бесбаев, шаңғы жарсы бойынша бас жаттықтырушы Александр Батяйкин мен биатлон бойынша бас жаттықтырушы Мақсат Шаронов баяндама жасады.

Кеңес барысында ұлттық құрамалардың Харбинде өтетін биылғы қысқы Азия ойындарына, сондай-ақ 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода ұйымдастырылатын XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиадаға дайындық мәселелері қаралды.

Спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаттығу жүйесін жақсартуға және спортшылардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға баса мән беріліп, елімізде қысқы спорт түрлерін одан әрі дамыту стратегиясын әзірлеуге ерекше назар аударылды.

«Бізді алда маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Бірер аптадан соң Харбинде IX қысқы Азия ойындары басталады. Көп ұзамай 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиадаға және XIV қысқы Паралимпиадаға дайындықты бастаймыз. Қытайдағы ойындарда табысты өнер көрсету үшін спортшыларымыз 137 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 86 халықаралық жарысқа қатысты. Саппоро өткен қысқы Азия ойындарында біздің команда ең үздік төрт елдің қатарынан көрінді. Биылғы бәсекеде осы жетістікті сақтай отырып, бұдан да жоғары нәтиже көрсету міндеті тұр. Жарысқа 138 қазақстандық спортшы қатысады, олар 6 спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде ел сенімін ақтап, тұғырдың биік сатысынан көрінетініне сенімдімін. Бұл үшін спортшыларымызға барлық қажетті жағдайлар жасалған» Ербол Мырзабосынов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -