Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі «Мемориалдық аймақ» іздестіру тобымен бірлесіп, Астана мектептерінде «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты көшпелі көрмелер өткізуді бастады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алғашқы көрме Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектеп-лицейінде өтті. Іс-шараға «Мемориалдық аймақ» іздестіру тобының командирі Майдан Құсайынов, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары және әскери-тарихи музейдің қызметкерлері қатысты.
Экспозицияға Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық қаһармандары Тілеуғали Әбдібеков пен Хиуаз Доспанованың жеке заттары мен архивтік құжаттары, бірегей фотосуреттері мен майдан алаңдарынан табылған басқа да жәдігерлер қойылды.
«Мемориалдық аймақ» іздестіру тобының мүшелері қазақстандық жауынгерлер қатысқан ірі шайқастардан театрландырылған қойылым көрсетті. Музей қызметкерлері қазақстандық батырлардың жеке заттарымен және архивтік құжаттармен таныстырды.
"Көшпелі көрмелер бұған дейін еліміздің түрлі өңірлерінде өткізілді. Биыл Астана мектептерінде өткізуді бастап кеттік. Біз мұнда болашақ Отан қорғаушыларына қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы айтамыз. Бұл олардың жоғары патриоттық және азаматтық сезімдерінің қалыптасуына ықпал етеді. Әрине, мұндай іс-шараларды өткізу мүмкіндігінің арқасында адамдардың мұражай ісіне деген қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз" Әскери-тарихи музейдің бастығы капитан Дәулет Қадыров
Әскери-тарихи музей ұжымы мен қонақтарға ризашылығыын білдірген мектеп басшылығы Әскери-тарихи музеймен ынтымақтастық жастардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, патриоттық тәрбиесіне ықпал ететінін атап өтті.
Көрме Астана қаласының мектептерінде мамыр айына дейін жалғасатын болады.