Бүгін Астанада «Ауыл» партиясының Орталық аппарат кеңсесінде барлық өңірлерден келген партия белсенділерінің қатысуымен республикалық жиналыс өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген көлемді сұхбатында көтерілген мәселелер мен бағыттар талқыланып, оны жүзеге асыру барысында «Ауыл» партиясы тарапынан жоспарланған ағымдағы және стратегиялық міндеттері сөз болды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына арналған 288 іс-шарадан тұратын партияның негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сәйкес, елдің барлық өңірлерінде ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арналған слеттер, «Өмірді сақтауға көмектес, донор бол» акциясы, «Ауылдық кітапханаға кітап жина» шаралары, студенттер мен жастар жасақтарын ұйымдастыру, жас фермерлерге арналған оқыту семинарлары, сондай-ақ, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауға бағытталған мәдени және спорттық шаралар өткізіледі.