Алматыда Еуропалық Одақ – Орталық Азия Азаматтық Қоғамының 5-ші форумы басталды

11473
Фотосурет: © EU

ЕО институттары, БҰҰ агенттіктері, Орталық Азия елдерінің үкіметі және азаматтық қоғам ұйымдарының (АҚҰ) 150-ден астам өкілдерінің басын қосқан 5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» Алматы қаласында өз жұмысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын ЕО-ның Орталық Азияға арналған азаматтық қоғамды қолдаудың аймақтық механизмі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының жобаларға қызмет көрсету жөніндегі басқармасы (ЮНОПС) ұйымдастырған үш күндік іс-шара аймақтың болашағын қалыптастыратын маңызды мәселелерге, соның ішінде цифрлық трансформацияға, климаттың өзгеруіне, жастардың қатысуына және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл төрт жылдық бастаманың негізгі мақсаты - ынтымақтастықты нығайту және тиісті мемлекеттік басқару мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысудағы рөлін арттыру арқылы бүкіл Орталық Азия бойынша азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейту.

5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» диалог үшін маңызды алаң ретінде қызмет етеді. Ол қатысушыларға ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы мен «Global Gateway» басымдықтарын ілгерілету жөнінде идеялармен алмасуға және ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.

Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Жоғары Мәртебелі Алешка Симкич демократиялық басқару мен орнықты дамуды ілгерілетудегі азаматтық қоғамның маңыздылығын атап өтті.

«ЕО Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты, әлеуметтік инклюзивтілікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын азаматтық қоғамның баға жетпес жұмысын қолдауға міндеттенеді. Ынтымақтаса отырып, біз жастар мен әйелдердің өз болашағын қалыптастыруда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік бере отырып, цифрлық трансформациядан климаттың өзгеруіне дейінгі заманымыздың ең өзекті мәселелерін шеше аламыз»  Алешка Симкич

Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрінің Орынбасары Жоғары Мәртебелі Роман Василенко Қазақстанның азаматтық қоғам бастамалары мен өңірлік ынтымақтастықты қолдауға деген бейілділігін атап өтті.

«Қазақстан азаматтық қоғамды даму күн тәртібіміздегі маңызды серіктес деп біледі. Бұл Форум мақсаттарымызды үйлестіріп, Орталық Азия елдерінің барынша өркендеуі мен инклюзивті болуын қамтамасыз ету жолында бірлесе жұмыс істеуге бағытталған азаматтық қоғам ұйымдары мен үкімет өкілдері арасындағы сындарлы диалог өткізу алаңын ұсынады» Роман Василенко

Аустриядағы ЮНОПС Еларалық Кеңсесінің Директоры Міндетін Атқарушы Гюрель Гуркан тұрақты өзгерістерді ынталандырудағы азаматтық қоғамның шешуші рөлін атап өтті.

«ЮНОПС-та біз даму жолындағы күрделі мәселелерді шешуде ынтымақтастық пен инновациялардың күшіне сенеміз. Азаматтық қоғам жергілікті деңгейде оң өзгерістерді қамтамасыз ете отырып, осы жұмыстың алғы шебінде тұр. Біздің серіктестіктеріміз арқылы біз Орталық Азиядағы инклюзивті дамуға жәрдемдесу және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу мақсатында азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін арттыруға тырысамыз.  Бұл Форум білім алмасуға, серіктестік қарым-қатынас орнатуға және осы аймақтың елдері үшін ең маңызды мәселелер бойынша оң үдерістерді жеделдетуге бірегей мүмкіндік береді» Гюрель Гуркан

Іс-әрекет және ынтымақтастық платформасы

Форум мүдделі тараптар үшін тәжірибемен бөлісу, өңірлік сын-қатерлерді талқылау және практикалық шешімдерді анықтау үшін маңызды кеңістікті қамтамасыз етеді. Өңірдегі азаматтық қоғам әлеуетін нығайтуға бағытталған «ЕО-ның Орталық Азияға арналған азаматтық қоғамды қолдаудың аймақтық механизмі» сияқты бастамалар арқылы қатысушылар әлеуметтік, экономикалық және қоршаған орта саласындағы қол жеткізген нәтижелерді жетілдіретін ұзақ мерзімді серіктестік орнату жолында жұмыс жасайтын болады.

Келесі екі күн ішінде іс-шара шеңберінде тақырыптық талқылаулар, Адам құқықтары жөніндегі Дания институты бастаған  арнайы бағыттағы семинарлар өткізіліп, қатысушылар ой-пікірлерімен алмасып, негізгі өңірлік мәселелер бойынша өзара әрекеттестікті тереңдету мақсатында байланыстар орнату мүмкіндіктері болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -