Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің биылғы кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталып, тұрақты дамуға жол ашатын маңызды факторларды айқындады. Әсіресе, Президенттің білікті және ел мүддесін ойлайтын кадрларға маңыз беруі – жаңа буын басшылар мектебінің қалыптасуына негіз болатынын атап өткен жөн. Бұл туралы сарапшы Жандар Асан DKnews.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Жиында былтырғы жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері екшелді. Ел Президенті ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелеріне қатысты нақты міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ отырыста көлік және логистика, білім, банк секторына қатысты да мәселелерді назарға алынды. Бұл – мемлекет дамуына тың серпін беріп, экономиканың дамуын қарқындатады деген сенімдеміз» Жандар Асан
Оның айтуынша, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне елеулі өзгерістердің енуі – елімізде ерекше еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
«Бүгінде Қазақстанда су шаруашылығы мамандары, инженерлер, агрономдар, энергетиктер, мал дәрігерлері және басқа да маңызды мамандықтардың өкілдері сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіптік білім берудің сапасымен қатар техникалық мамандықтардың беделін көтеру бағытында да нақты іс-шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, аталған сала мамандары үшін жеңілдетілген ипотекалық және арендалық тұрғын үй бағдарламалары іске қосылатын болады» Жандар Асан
Жандар Асанның пайымдауынша, еңбек адамдары – ел дамуының драйвері. Сондықтан да жұмысшы мамандықтарының беделі жоғары болуы қажет.
Президент отандық ғылымның дамуына да тоқталды.
«Соңғы алты жылда ғылымға бөлінген қаржы 70 пайызға жуықтаған. Атап айтқанда, 2020-2023 жылдары аралығында 249,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2023-2025 жылдары ғылымға қарастырылған сома мөлшері 643 млрд теңге көлемінде болса, 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы да 13 пайызға артып, 730 млрд теңгені құрап отыр. Ғылымға бет бұрған жастардың саны артып келеді. Жақсы үрдіс, оң тенденция. Бюджеттің қомақты қаражаты жұмсалған отандық ғылымның келешегінен не күтеміз? Осы ретте Президент бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керектігін астын сызып тұрып атап өтті» Жандар Асан