6611
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әр адамның өмірде өзіндік ұстанымы, алға қойған мақсаты, жетемін дейтін миссиясы болады.

Осы жолда жүріп өткен соқпағына, айналасына жасаған жақсылығына, тигізген шарапатына қарай оның азаматтық кейпі қалыптасады.  Өмірде бәрі өтеді-кетеді. Қалатыны – өмірлік өнеге, өшпес із, ұлағатты іс. Яғни ел игілігі үшін жасалған еңбек, өмірлік еңбек. Өмірге келу бар да, онда азаматтық биікке жету бар. Әрине, намысшыл, ақжүрек,  арлы жан ғана көптің алдында жүреді, үлгілі өмір сүреді.

Әскерді мығым етіп ұстап тұратын негізгі діңгегінің бірі - қатаң тәртіп пен тәрбие. Онсыз әскерді елестету мүмкін емес. Ал осы салада 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп, абырой биігіне көтерілу -  орасан еңбек пен қажыр-қайратты көрсетеді. Осы жолда соны соқпақ салған “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Әлкешев Ниязтай Болатұлының есімі оңтүстік өңіріне ғана емес, тұтас Ұлттық ұланға белгілі деуге болады. Полковник Ниязтай Әлкешевтің Ұлттық ұланның әскери тәрбие саласындағы алар орны, әскер өміріндегі сіңірген ерен еңбегі орасан зор. «Тәртіп пен тәрбие – егіз ұғым. Ол екеуін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені тәртіпсіз тәрбиенің, тәрбиесіз тәртіптің күні қараң», - деп түсінетін офицердің ел үшін жүгіне қызмет етуі өмірінің мәніне айналды. Ол қай ортада қызмет етсе де, басшылық жасау және ұйымдастырушылығы, күш-жігері, бастамашылдығы, жауапкершілігі ерекше айшықталып тұрады.

Азамат басындағы абырой мен атақ, бедел мен бақ елге сіңірген адал еңбегі арқылы келеді десек, бұл күнде сол абырой биігіне шығып отырған тау тұлғалы осы азамат туралы бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.

Ниязтай Болатұлы 1967 жылы 4 ақпанда бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Сарғалдақ ауылында дүниеге келген. Ол үш жасқа толғанда әкесінің қызметі ауысып, отбасымен Қарағанды өңіріне қоныс аударады да, сонда қоныстанып тұрып қалады. Әкесі - Болат аға кәсіби мал дәрігері болатын. Ауыл шаруашылығына үлкен еңбегі сіңген, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген сыйлы жан еді. Алланың өлшеп берген дәм-тұзы ерте таусылып, асқар тау әке қылшылдаған қырықтың қырқасына шығар-шықпастан дүниеден озып кетті. Әкесі дүние салғанда Ниязтай Болатұлы бар-жоғы 10 жаста еді. Әкесінің қазасы оны бірден есейтіп жіберді. Әкеге деген сағыныш жылдар жылжыған сайын үдей түспесе, басылған емес. Өмірінде қиналған сәттерінде немесе жоғары жетістіктерге қол жеткізгенде, алдымен әкесімен ойша сырласатын еді. Әкенің қолдауын аңсайтын.

Бала Ниязтайдың әкесі жағынан туыстары жырақта, Семей өңірінде қалғандықтан, өз әкесі қайтыс болған соң, оның тәрбиесіне көп ықпал еткен нағашы атасы Дүйсен ақсақал мен нағашы Рахия әжесі еді. Нағашы атасы жиенін қасына алып жүріп малды қалай қарауды, жылқыны күтіп-баптауды үйреткен. Нағашысының үйретуімен Ниязтай он екі жасында мал бауыздап, өз бетімен қой соя алатындай дәрежеге жеткен. Сонымен қатар, Дүйсен ақсақал көзі ашық адам болды, қолынан кітабы түспейтін, ескіше де хат танитын. Ниязтайдың кейіннен кітапқа құмартуы атасынан алған осы үлгі-өнеге екені даусыз.

Ниязтай сегізінші сыныпты үздік аяқтаған жылы мектептің үздік оқушыларын Мәскеу қаласына саяхатқа алып баратын болды. Жолға шыққалы отырған жиеніне арнайы келіп, батасын берген атасы екі саусаған көтеріп: «Осы Ниязыма екі жылы жетпейді. Екі жылдан кейін анасының қамқоры, сүйеніші болады, отбасының тіреуі болады» - деп, көзіне жас алған. Осы сәт кейіпкеріміздің жадында мәңгі сақталып қалды. «Екі жыл» деп нені астарлап айтқанын әлі күнге ойланады. Екі жылда мектеп бітіретінін айтты ма, кәмелет жасқа толатынын меңзеді ме, әлде екі жылға әскерге баратынын ойлады ма, сол күйі жұмбақ болып қалды. Ал Ниязтайдың жас болса да, анасына және барлық бауырларына қамқор болып, әулеттің бас көтерер азаматы болғаны анық.

Нағашы әжесі – жүзі мейірімді, ақ жаулығы кірлемеген, салт пен дәстүрді, жөн-жоралғыны білетін дана адам еді. Немере мен жиеннің көңілін бірдей тауып, тең қарайтын. Рахия әженің сауаты болмаса да, қазақтың батырлық эпостарын жақсы білгені, айналасына балаларын жинап алып, жатқа айтып отыратыны бәрінің есінде. Міне, осындай қазыналы қарттардың тәрбиесі мен ақ батасы бала Ниязтайдың азамат болып қалыптасуына басты арқау болған.

Ал анасы Рымбала апа ұзақ жылдар ауылдың фельдшері болып, халыққа қызмет етті. Азаматы өмірден озғанда, 36-ақ жасында шиеттей бес баламен соңында қалған еді. Тағдырдың соққысына сынбай, қалайда бесеуін жеткізем деген әйел-ана қайрат көрсете білді. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді, қатарынан қалдырмай, бәрінің жоғары білім алуларына мүмкіндік жасады, әрқайсысын аяқтандырды. Отбасындағы еркеккіндіктіден үлкені Ниязтай еді. Ол анасының бір жағына шығысуға тырысып, үй шаруасын тындырып қоятын. Өзі өте намысқой болып өсті. Сол намыс оны өмір бойы алға жетеледі, мінезін шыңдады. Бүгінде Рымбала апа 85 жасқа толып отыр. Ниязтай Болатұлының анасына деген құрметі шексіз. Уақыты қанша тығыз, қандай маңызды шаруасы болса да, анасына күн сайын хабарласып, жағдайын біліп отырады. Ата-анаға деген үлкен құрметтің үлгісі дерсіз.

Рымбала апаның өсіріп жеткізген балалары қазір бір-бір саланың белді мамандары болып отыр. Үлкені Сандуғаш Болатқызы – Қарағанды медицина академиясының оқытушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды облысының бас нефрологы, екінші қызы Баян Болатқызы – Қарағанды облысының ауылшаруашылық инспекциясының бас бухгалтері. Екі қыздан кейінгі Ниязтай – осы әңгімемізге арқау болып отырған азамат. Төртінші перзенті Асхаттың ғұмыры бозбала шағында ерте үзілді. Анаға баласынан айырылу қандай қиын екені айтпаса да түсінікті. Рымбала апа, Алла басқа салған соң,  баласының қазасын да көтерді. Кенжесі Ержан Болатұлы қара шаңыраққа ие болып отыр. Ол «КЕGОG»  компаниясында инженер болып қызмет атқарады.

Ниязтай 1984 жылы орта мектепті тәмамдап, Целиноградтағы ауылшаруашылық институтқа түседі. Бірінші курстан кейін әскер қатарына шақырылып, 1985-1987 жылдары Балтық жағалауындағы Литва елінде КСРО-ның Әуе қорғаныс күштерінде ракета әскерінің қатарында мерзімдік қызметін атқарып, “сержант” әскери шенімен оралады. Әскерден кейін институттағы оқуын жалғастырып, 1991 жылы агроном мамандығын алып шықты. Институт қабырғасында жүргенде, әскери кафедрада әскери дайындықтан өтіп, алғашқы офицерлік “лейтенант” шенін де алып шыққан болатын. 

1991 - 1996 жылдар аралығында Қарқаралыдағы өзінің өскен ауылында мамандығы бойынша ауыл шаруашылығында еңбек етті.

1997 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қатарына әскери қызметке шақырылған Ниязтай Болатұлы Қарағандыдағы 6505 әскери бөлімінің Солтүстік Қараған елді мекенінде тұрған жеке ротасына взвод командирі болып тағайындалды. Сол уақыттан бері Қарағанды, Астана, Көкшетау, Алматы, Өскемен қалаларында рота және батальон командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, тәрбие бөлімшесінің аға көмекшісі, бөлімше бастығы, бөлім командирінің орынбасары, құраманың бөлімше бастығы, басқарма бастығы, “Шығыс” және “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшы орынбасары лауазымдарында мансап сатыларынан өтті.

Қызметінің жиырма жылға жуық уақытында оңтүстік өңірдегі тәрбие саласында басшылық қызметте болған полковник Ниязтай Әлкешевтен бірнеше буынның өкілі тәлім-тәрбие алып, қанаттанып ұшты.  Оның қарамағында қызмет еткен офицерлер өздерін полковник Әлкешевтің Академиясынан өткенбіз деп санайды.  Әрі соған лайық болуға тырысады.

Ниязтай Болатұлының тәлімін көрген  офицерлер қазір Ұлттық ұланның әр өңірінде белді лауазымдарда қызмет атқарып жүр. Олардың ішінде өңірлік қолбасшылықтарда қолбасшының орынбасары, бригада командирлерінің орынбасарлары, Ұлттық ұлан Академиясында кафедра меңгерушілері және тағы басқалары бар. Шәкірттерінің ішінде полковник погонын тағып жүргендер де аз емес. 

Полковник Ниязтай Әлкешев қарамағындағы жеке құрамнан ең бірінші шыншыл болуды талап етеді, өтірікке жаны қас деуге болады. Сонымен қатар батыл шешім қабылдай білуге, жігерлі болуға, сымдай тартылып жүруге бірінші өзі үлгі болып, басқаларды да баулиды.  Тәрбиеші офицердің тағы бір қасиеті – ол ардагерлерді ерекше сыйлайды, әрдайым үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін көрсетіп жүр. Ұлтжанды азамат, қазақ тіліне жанашырлығы бір төбе. Ал алдына келген адамның қажеті мен жағдайын түсінуге  тырысуы, өзіне жүгінгенге әділдік танытуы – оның азаматтығы.

Жергілікті билік өкілдерімен, бұқаралық-ақпарат құралдары қызметкерлерімен, басқа да күштік құрылымдармен, түрлі ұйымдар және кәсіп иелерімен, жоғары оқу орындарымен, мәдени орталықтармен кәсіби-іскерлік қарым-қатынас жасай алуы, келіссөздерден үнемі оң шешімдерге қол жеткізуі – оның мықты дипломат екендігін көрсетеді. 

Үлкен мектеп қалыптастыра алған, бір өзі – бір академия бола білген тәлімгер-офицер өз ұстаздары туралы да құрметпен айтып жүреді. Ең алғаш әскердегі мансабына жол ашқан өзі қызмет еткен әскери бөлімнің командирі, қазіргі генерал-майор Бауыржан Әбжанов. Көзі қарақты басшы жас офицердің көзіндегі отты бірден байқап, қатардағы офицерді жоғары лауазымға бірден тағайындаған. Тәрбие саласында бағыт беріп, жетекшілік еткен полковник Сабыржан Сүлейменов, мықты тәрбиеші болып қалыптасуына үлкен ықпал еткен  басты тәлімгері генерал-майор Мұхаметқали Сатов, үнемі ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетушісі болған генерал-майор Әмірбек Төгісов, әрқашан пікірін қаперге алып, қолдау көрсете білген генерал-майор Әлібек Серәлиевтерді өзінің қызметтегі құрметті ұстаздары санайды. Қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде қалыптасуына генерал-майор Талапкер Әміреевтің рөлін бағалайды, қолбасшыдан басқару стилін, алға қойған мақсаттарғы қол жеткізуді үйренді, азды-көпті сегіз жыл бойы орынбасары болды. Ал полковник Александр Крамар – ұзақ жылдар бойғы үзеңгілес жолдасы, ойын айтқызбай түсінетін досы.

Ниязтай Болатұлының жұбайы Шолпан Бейсенсейітқызы – өмірін ұстаздыққа арнаған адам. Офицердің жары ретінде оның қызмет еткен өңірлерінде бірге қоныс аудара жүріп, мұғалімдік қызметін тастамады. Қазір Алматыдағы № 76 мектептің математика пәнінің мұғалімі. Тұңғыш қызы Әйгерім әке жолын қуды, ол Ұлттық ұлан Академиясында педагогика және психология кафедрасының оқытушысы, әскери шені подполковник,  екінші қызы Лаура Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қарасты елшіліктерде қызмет атқарған, қазіргі уақытта докторлық жұмысын жазып жатқандықтан академиялық демалыста, үшінші қызы Арайлым Алматы облыстық балалар ауруханасында неонатология және жан сақтау бөлімшелерінің меңгерушісі, ал кенже қызы Дина Түркиядағы Мармара университетінде оқиды.

Ниязтай Болатұлының екі тілге бірдей жүйріктігі, сауаттылығы, оның бала кезден кітапқа құмар болуынан болса керек. Бастауыш сыныпта мектеп кітапханасынан бастау алған кітап оқитын әдеті, 5 сыныпта ауыл кітапханасына ауысып, ал мектепті бітірген шағында, ол екі бөлмеден тұратын ауыл кітапханасының барлық кітабын түгел оқып шыққан болатын.

Ол білім алудан ешқашан жалыққан да емес, кеш деп санаған да емес. Қызмет ете жүріп, Мәскеудің өндірістік-экономикалық «Синергия» университетін қашықтан оқып, мемлекеттік және муниципальдық басқару магистрі атанды. Сонымен қатар қазір араб әліпбиін жетік меңгеріп, араб тілін үйренуді қолға алып жүр.

 Азаматтың көпжылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірқатар марапатының басында ІІ дәрежелі “Айбын” ордені тұр. Орден алған күні Ниязтай Болатұлы анасының кеудесіне әкеліп таққанда, Рымбала апаның төбесі көкке жеткен еді. Одан бөлек «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», І, ІІ, ІІІ дәрежелі және 25 жыл «Мінсіз қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдары, мерейтойлық және ведомстволық медальдары, алғыс хаттары мен құрмет грамоталары бар.

Қорыта айтқанда, Ниязтай Болатұлының азаматтығы жайлы ұзақ айтуға болады. Ол адамды шен-шекпеніне емес, адамгершілік қасиетіне қарай бағалайды, қадірлейді, сыйлайды, сыйласады. Ол қашанда айналасына қамқорлық танытып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете біледі. «Санасын тұрмысқа билетпей», ар алдында өз жауапкершілігін ешқашан жоғалтпаған азаматтың азаматы дәл осындай болар!

Биылғы ақпан айының басында Ниязтай Болатұлы әскери қызметін аяқтап, зейнетке шыққалы отыр. Өзі бағындырған асу-асу белдерді артқа тастап, өмірінің жаңа белесін бастамақ. Қазір кемеліне келіп, толысып тұрған шағында, оны әлі де даңғыл жолдар күтері анық. Мүмкін шығармашылықты қолға алар. Қалай дегенмен де көпжылдық тәжірибесі бар майталман маманның білім-қазынасы мен тәлім-тәрбиесі жас буынға рухани азық, үлгі-өнеге болары сөзсіз!

Ниязтай Болатұлын зейнет жасымен құттықтай отырып, оған мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, таусылмас күш-жігер, үлкен жетістіктер тілейміз!  

Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -