Жоспарлы темір жол қарауылы

4675
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Құқықтық тәртіп әскеріне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және айдауылдау қызметін атқаратын жеке батальондар арасында Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімі де бар.

Бұл әскери бөлімді Ұлы Жеңістің құрдасы деп атаймыз. Ол – Ұлттық ұландағы ең көне әскери бөлімнің бірі. Бөлім – Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістен кейін құрылған, ал майданнан қайтқан жауынгерлер осы бөлімге қызмет етуге келген.

Бүгінгі күні 7552 әскери бөлімінің атқарып отырған басты міндеті – сотталушыларды айдауылдау, Алматы гарнизоны және Алматы қаласы бойынша арнайы ауданаралық сот процестерін және әскери сот отырыстарын қамтамасыз ету.

«Алматы-Орал-Алматы», «Алматы-Семей-Алматы», «Алматы-Өскемен-Алматы», «Алматы-Петропавл-Алматы» жоспарлы теміржол бағыттары бойынша және «Алматы-Заречный-Алматы», «Алматы-Жауғашты-Алматы», «Алматы-Ақтас-Алматы» секілді үш жоспарлы автожол бағыттарымен айдауылдау қызметін жүзеге асырады. Арнайы контингентті айдауылдау бойынша тиісті қарауылдар жасақталады.

Теміржолмен сапарлау кезінде көптеген адамдар поезд құрмының соңындағы вагондарды байқайды. Бірақ олар кәдімгі вагоннан әдеттегідей сыртқы түрімен ерекшеленеді. Онда пошталық хат-хабарлар тасымалданбайды, ішінде әскери қызметшілер жоспарлы темір жол қарауылын атқарады. Олардың қызметі оңай емес, сондықтан өздерін осы айдауылдау қызметіне арнаған қарапайым және сенімді ұландықтар туралы сөз қозғамақпыз.   

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған жауапты қызметтің бірегейі жоспарлы теміржол қарауылы. Бұл арнайы контингент деп аталатын қамаудағыларды алыс қашықтықтарға жеткізу тәсілдерінің бірі болып табылады.

Иә, қызметтің оңайы жоқ. Соның ішінде жоспарлы теміржол қарауылының қызметі аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да бұл қызметке кездейсоқ адам келмейді. Қарауыл қызметінің қыр-сырын әбден үйреніп білген, сол қызметте піскен, моральдық-психологиялық тұрғыдан сүзгіден өткен тұлға ғана нағыз осы саланың маманы бола алады.

Қарауылдың жауынгерлік қызметінің басқа қызметтерге қарағанда басты ерекшелігі – қарауыл жеке құрамы бірнеше тәуліктік қызметке түседі. Қарауылға түсердан бұрын алдын-ала бекітілген жеке құрам даярлықтан, психологиялық тексеруден өтеді. Содан кейін ғана қызметке жіберіледі.

Нұсқау сабақтары өткізіліп, жауынгерлік қызметке бұйрық берілгеннен кейін қарауылдың жеке құрамы екі топқа бөлініп, арнайы автокөліктермен қызмет орындарына жөнелтіледі. Бірінші топ арнайы контингентті қабылдау үшін тергеу изоляторына, ал қарауыл бастығының бірінші көмекшісі, аспаз және қарауыл жеке құрамы арнайы вагонды қабылдау мен қарауылдың мүлкін тиеу үшін темір жол вокзалына жол тартады.

Ары қарай сотталғандар мен тергеудегі азаматтарды вагонға отырғызу үшін «автозаг» деп аталатын арнайы көлік мүмкіндігінше тамбурға жақын келіп тұрады. Бұл жерде сотталушылардың қашып кетпеуін қадағалайтын қарауыл, қарғы бауынан босаса атылғалы тұрған қызметтік иттер, барлығы жауынгерлік есепке сай қойылады.

Арнайы вагондағы басты тұлға ол – қарауыл бастығы. Қарауыл бастығы жол жүру бағытында болған жайттың бәрі үшін жауап береді. Оған барлық жеке құрам бағынады. «Қарауыл бастығы үшін басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр» деп санайтын аға сержант Рүстем Жамұқановтың кейінгі буын жастарға да үйретері мол. Айдауылдау қызметіне жаңадан келген әскерилерге бұл қызметтің қыр-сырын, өзін қалай ұстау керектігін, не нәрсеге баса назар аудару, нені қалт жібермеу керектігін айтып түсіндіруден жалықпайды және оны тәжірибелі маман ретінде өзінің парызы санайды.

- Міндет өте күрделі де қиын. Мен өз міндеттерімді асқан сүйіспеншілікпен орындаймын. Өз қызметім ұнайтын болған соң, қиындыққа қарамаймын. Қарауыл бастығы деген атым болғанан кейін, қарауыл қызметінің барлық бағыттарын тең алып жүруге тырысамын. Адам тани білу, қарамағыңдағы әскери қызметшілерге тең қарау сынды қасиеттер бойыңнан табыла білуі шарт, - дейді аға сержант Рүстем Жамұқанов.

Қарауыл бастығы – сотталған азаматтардың қашуына жол бермейтін  жауынгерлік қызметтің ұйымдастырушысы. Рүстем осы қиын да күрделі қызметке аса жауапты қарайды, жылдар бойы жатталған міндетіне аса қырағы, белбеуін ешқашан бос тастаған емес. Отанға адал қызмет етудің үлгісін кейінгі жастарға да көрсетіп келеді. Аға сержант әр сақшының өзіне қойылған міндетті дұрыс түсініп, ойдағыдай атқаруы үшін оларға үйретуден жалықпайды. Тәжірибесі мол, кәсіби шебер маман қай кезде де бағалы. Сондықтан да  оның айналасынан жастар үйріліп шықпайды. Кейінгі буын Рүстем Думанұлына білікті маман деп қана қарамайды, оның әкелік қамқорлығын да сезінеді.

Арнайы вагон кәдімгі вагонға ұқсамайды, ол екі бөлікке бөлінеді. Олардың бірінде жолсеріктерге яғни азаматтық тұлғаларға, келесісі қарауылдың жеке құрамына арналған купе. Сондай-ақ вагонда қарауыл жеке құрамына ас дайындау үшін аспазшыға арналған орын да болады.

Арнайы вагонның екінші жартысы қарапайым болады, өйткені онда сотталған азаматтар отырғызылады. Кәдімгі вагондағы секілді ұзын дәліз, тек купенің орнында төрт үлкен және төрт кіші камера болады. Сондай-ақ, өкпе туберкулезінің жұқпалы түрімен ауыратындарға арналған бөлек камера да қарастырылған. Ондағы үлкен камера 12 адамға, ал кіші камера 5 адамға еспетелген. Тағы бір айта кететіні, арнайы контингент айдауылдау кезінде камераларға қатаң түрде санаттары бойынша орналастырылады. Әйелдер немесе кәмелеттік жасқа толмағандар жеке отырғызылады.

Сотталғандардың арасында пиғылы әрқилы адамдар болады. Арандату мақсатында түрлі мінез көрсететіндері де кездесіп жатады. Қарауыл соның бәріне талапқа сай әрекет етіп, оларды діттеген жеріне аман-есен жеткізіп, ұстамдылықпен өзінің қызметін атқаруы керек. Сондықтан да жоспарлы теміржол қарауылының басты қаруы – сабыр мен ұстамдылық!  

Осы жауынгерлік-қызметтік міндеттерді орындауда әр әскери қызметшінің алатын орны бөлек, соның ішінде қарауыл бастығы туралы ерекше атап өткен жөн. Ол – жалпы қызмет барысына, қарауыл құрамындағы әскери қызмешілерге ғана жауап бермей, сотталушылар үшін де жауапты.

Жеке құрамның қызмет барысында көрсеткен қырағылығы мен батыл іс-қимылдары барша ұландықтар үшін үлгі болар мысалға айналды. Соның бірі, «Алматы – Семей - Алматы» бағыты бойынша жоспарлы қарауылда болған қақтығыста өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, аса қауіпті қылмыскердің қашуына жол бермеген сержант Жандос Баянбаев пен қатардағы Нұрасыл Мүбараковтардың ерлігін білмейтін жан кемде-кем.

Осы ерлік істері үшін сержант Жандос Баянбаев (қазір майор) Ел Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ал қатардағы Нұрасыл Мүбараков (қазір капитан) «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Қарауыл жеке құрамының әр күні қауіп-қатерге толы, олардың қызметке шыққан әрбір күнін ерлікпен пара-пар дер едік.

Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 - 2025