2992
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Адамгершілігі мол, еңбегі елеулі, өз ісінің нағыз шебері. Осы сөздер ҚР Ұлттық ұланы Академиясының 2-оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Алимжан Тасмагамбетовке арналып айтылғандай. Біз іссапар барысында Алимжан Әлібайұлымен жақын танысып, оның өмір жолы мен қызметіне үңілдік.

1985 жылы 28 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген Алимжан Әлібайұлының балалық шағы көптің балалығынан ерекшеленбеді. Әкесі мен анасы құқық қорғау саласында қызмет етіп, бүгінде зейнетте. Алимжан бала кезден бастап ата-анасының қызметіне қарап, әскери мамандықты таңдайтынын біліп өсті. Бастауыш сыныпты Ақсуат ауылындағы қазақ мектебінде тәмамдаған соң, мектеп жабылып, ата-анасының қасына Петропавл қаласына көшті.

Петропавл қаласындағы Заречный кентінде орналасқан №13 мектепті бітіріп, арманына бір табан жақындау үшін 2001 жылы Щучинск қаласындағы Кадет корпусына түспекші болды. Өкінішке қарай, медициналық комиссиядан өте алмады. Бірақ бұл сәтсіздік жасөспірімді мақсатына жетуден тайдырған жоқ. Екі жыл бойы тынбай дайындалып, 2003 жылы Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлердің жоғары әскери училищесіне (қазіргі Ұлттық ұлан Академиясы) оқуға түсіп, әскери мансабына алғашқы қадам жасады.

2007 жылы оқу орнын үздік аяқтаған жас лейтенантты өз училищесінде қызметке қалдырды. Жастарды оқытып, тәжірибесімен бөлісе отырып, 2009 жылы оқу ротасының командирі атанды. Қызметте өзін жақсы қырынан көрсетіп, 2014 жылы батальон командирі ретінде курсанттарды шығарумен айналысты.

Әр жылдары түрлі қызметтерді атқара жүріп, өзін әрқашан ұжымына жақын, адал басшы ретінде көрсете білді. Жеке құрам арасында беделі жоғары. Оның дәлелі – 2017 жылы «Үздік командир, үздік батальон командирінің орынбасары» байқауында 1-орынды иеленгені.

Әскери қызметпен қатар Алимжан Әлібайұлы азаматтық борышын да абыроймен атқарып келеді. 2021 жылы төтенше жағдай кезінде үш адамды жанып жатқан үйден құтқарып, өз өмірін қатерге тікті. Оның бұл ерлігі елеусіз қалған жоқ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, подполковник Алимжан Тасмагамбетовты үш адамды өртеніп жатқан үйден құтқарғаны үшін «Қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, оның батылдығын ерекше атап өтті. Бұл оқиға Алимжан Әлібайұлының тек кәсіби офицер ғана емес, сонымен қатар қоғам үшін жанашыр, батыр тұлға екенін дәлелдейді.

Ол тек өз ісінің білікті маманы және батыл офицер ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желіде белсенді блогер ретінде танылған тұлға. Ұлттық ұлан Академиясының өмірінен қызықты оқиғаларды, маңызды шараларды, сарбаздар мен курсанттардың күнделікті өмірі мен жетістіктерін халыққа таныстыруда оның рөлі ерекше.

Алимжан Әлібайұлы өзінің Instagram және Tik-tok парақшаларында әскери қызметтің қыр-сырын ашып, патриоттық рухты насихаттай жүреді. Оның жазбалары мен бейнелері қазіргі таңда аудитория арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, курсанттардың оқу-жаттығу сәттері, сарбаздардың қайсарлығы мен ерлігі туралы жазбалары оқырмандардың қызығушылығын арттырып, жастарды жігерлендіреді.

Блогерлік қызметінде подполковник Тасмагамбетов тек әскери тақырыпты ғана қозғап қоймай, жалпы өмірге, отбасы құндылықтарына, патриотизм мен адами құндылықтарға басымдық береді. Әрбір жазбасы жылы лебізге толы және тәрбиелік мәні зор. Оқырмандар оның ашықтығын, шынайылығын және қарапайымдылығын ерекше атап өтеді.

Бүгінде оның әлеуметтік желідегі парақшаларына мыңдаған оқырман жазылған. Олар офицердің әрбір жариялаған постын асыға күтеді, себебі оның жазбалары тек ақпарат қана емес, мотивация мен рухани азық береді. Оның оқырмандарының арасында тек жас курсанттар мен әскери қызметшілер ғана емес, азаматтық қоғамның өкілдері де көп.

Алимжан Әлібайұлы блогы -Ұлттық ұлан Академиясының қызметін халыққа жақын таныстырудың бірегей алаңы. Оның еңбегі жастардың әскери қызметке қызығушылығын оятып, патриоттық рухын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар, ол өзінің ашық және қолжетімді бейнесі арқылы көпшілікке үлгі бола отырып, әскери өмірдің беделін арттыруда.

Әлеуметтік желідегі танымалдығы мен белсенділігі оның тек кәсіби офицер ғана емес, рухани жетекші екенін дәлелдейді. Алимжан Әлібайұлының жазбалары – бұл тек пост емес, әрбір адамды жақсылыққа, отансүйгіштікке және мықты болуға шақыратын үндеу.

Әлеуметтік желілердегі танымалдылығы арқылы ол әскери қызметтің тек тәртіп пен міндет емес, сонымен бірге нағыз рух пен жігер екендігін көрсетеді. Оның жазбалары оқырмандарына мотивация сыйлап, патриоттық рухты оятады.

Қызмет барысында білімін жетілдіруді ұмытпаған Алимжан Әлібаевич 2018 жылы Ұлттық қорғаныс университетіне магистратураға түсіп, «Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс» мамандығы бойынша білім алды. Ол жерде әскери ұжымдағы психологиялық және идеологиялық жұмыс жүргізудің қыр-сырын меңгеріп, жаңа деңгейде қызметін жалғастыруға мүмкіндік алды.

Қатардағы әскериден бастап, жас офицерге дейін әрбір әскери қызметшінің жағдайына назар аударатын офицердің қарапайымдылығы мен шынайылығы ерекше назар аударады. Жеке құрам үшін ол тек басшы ғана емес, сондай-ақ үлгі боларлық тәлімгер. Алимжан Әлібайұлы жас сарбаздарға сабыр мен төзімділік, ал командирлерге жауапкершілік пен адамгершілікті басты қасиет ретінде ұсынады.

«Жеке құрамды басқару –бұл тек бұйрық беру ғана емес, сарбаздардың жағдайын түсініп, олардың қажеттіліктеріне назар аудару», – дейді ол.

Қызметтен тыс уақытта Алимжан Әлібайұлы – қамқор әке және сүйікті жар. Жұбайы Алтынай Жүсіпқызымен 2013 жылы отбасын құрып, бүгінде екі бала тәрбиелеп отыр. Айдария есімді қызы мен Амиржан атты ұлы әкелерін мақтан тұтып, болашақта әрқайсысы өз жолын әскери немесе құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келеді.

Алимжан Тасмагамбетов – өз елінің шынайы патриоты, жас буын үшін үлгі боларлық тұлға. Оның еңбек жолы мен жетістіктері «нағыз офицер» бейнесін айқын көрсетеді. Әлеуметтік желілердегі белсенділігі, кәсіби шеберлігі мен ерлігі арқылы ол тек әскери қызметшілер арасында ғана емес, бүкіл қоғам үшін құрметке ие. Мұндай басшылардың арқасында еліміздің әскери күштері тек күшейе түсетіні сөзсіз.

Қатардағы

Маржан ТАЛАПКЕР

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -