Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру үшін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құрудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы бастама аясында Қарағандыда шетелдік университеттер филиалдарының көрмесі өтті. Ол мектеп түлектерімен кәсіби бағдарлау жұмысына көмектесуге арналған.
Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары өңірлердің қандай да бір мамандарға деген қажеттіліктерін ескере отырып ашылады.
– Қазіргі уақытта 23 шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатылды, және тағы 11 жоғары оқу орнымен келіссөздер жүргізілуде, – деп атап өтті ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев. – Бұл қазақстандық жастар үшін жаңа әлеует ашады. Өйткені мұндай ЖОО-да білім беру халықаралық стандарттарға сай келеді және оған қоса мемлекеттік гранттар да қолдау көрсетеді. ҰБТ және осы университеттердің түсу емтихандарын тапсыра отырып, қажетті мамандықты тегін алуға болады. Биыл филиалдар базасында оқыту үшін 2000 грант бөлінді. Бұл тәжірибе келесі оқу жылында да жалғасатын болады.
2022 жылдан бастап Ақтөбедегі Zhubanov University базасында жұмыс істейтін шотландиялық Heriot-Watt University талапкерлердің арасында ең танымал болды. Қазіргі уақытта университетте 600-ге жуық студент білім алуда, ал ЖОО-ның өзі жоғары рейтингпен және қолжетімді оқуға түсу шарттарымен түлектерді тартады.
– Heriot-Watt University оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері жеткілікті, ал ағылшын тілін білу IELTS орнына ішкі емтиханмен расталады. Бұл қазақстандық талапкерлер үшін оқуға түсу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Бұдан басқа, біздің студенттеріміздің Малайзия, Дубай және Эдинбургтегі университет филиалдарында білім алу мүмкіндігі бар, бұл тәжірибе алмасу үшін кең көкжиек ашады, – деді Zhubanov University өкілі Асқарбек Иманшеев.
Үшінші жыл қатарынан Shakarim University базасында Быдгощтағы (Польша) Экономика университетінің филиалы жұмыс істейді, онда спорт және рекреация менеджерлерін дайындайды.
– Бүгінде бұл өте сұранысқа ие мамандық, – дейді ЖОО өкілі Мәдина Жылгелдинова. – Бірінші жыл қашықтықтан оқыту форматында өтеді. Ал екінші курста Польшаға барып, офлайн режимінде оқиды. Үшінші курс тағы да Қазақстанда қашықтықтан өтеді. Түлектер бір уақытта екі диплом алады, оның біреуі еуропалық үлгіде.
Көрме оқушылар мен олардың ата-аналары арасында үлкен қызығушылық тудырды.
– Мен қос диплом бағдарламасы мен бұрын естімеген мүмкіндіктер туралы естідім, – деді он бірінші сынып оқушысы Анар Әлжаппар. – Физика-математика бағыты бойынша бағдарламаларды ұсынатын жоғары оқу орындарымен танысу әсіресе пайдалы болды. Енді мен одан әрі қай жолмен жүретінімді түсіндім.
Ұйымдастырушылар – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігі.