МҚІА мемлекеттік қызмет көрсету барысында құқықтары бұзылған 2000-ға жуық қазақстандықтың құқықтарын қалпына келтірді

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай 2024 жылдың қызмет қорытындысы бойынша алқа отырысында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау нәтижелері туралы айта келе, Агенттік бастамасымен қызмет берушілердің тиісті ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу арқылы бұзушылықтарды анықтауға және азаматтардың шағымдарын күтпей-ақ олардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған қашықтықтан мониторинг жүргізу тәжірибесіне тоқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылы бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 150 мыңнан астам бұзушылық анықталды, оның 37% қашықтықтан мониторинг аясында белгілі болды. Анықталған бұзушылықтардың 61,3% немесе 92 мың факті қызмет көрсету тәртібін бұзумен байланысты болып отыр. Бұзушылықтар бойынша қызмет беруші 1600-ден астам адам тәртіптік жауапкершілікке, 458 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 40,7 млн. теңге өндірілді. Бақылау шаралары нәтижесінде 1918 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, оның 837 немесе 44% қашықтықтан мониторинг арқылы қалпына келтірілді.

Мәселен, 325 адамға жер учаскелері беріліп, 143 учаскенің нысаналы мақсаты өзгертілді және 284 сәулет-жоспарлау тапсырмасы түзетілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласындағы өндірушілерге 749 млн. теңге, жолаушылар тасымалымен айналысатын тиісті қызмет алушыларға 800 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінді және осы сияқты басқа салаларда тиісті қызметтер көрсетілді.

Азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі қашықтықтан проактивті мониторингтің тиімділігін ескере отырып, заңнамалық өзгерістерге сәйкес қызмет берушілердің 48 ақпараттық жүйесіне қол жеткізілді.

Сондай-ақ Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және оны азаматтар үшін барынша қолайлы ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде. Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудің 17 бағыты бойынша ауқымды талдау іске асырылды. Талдау нәтижесімен берілген ұсыныстар негізінде 24 ведомстволық жоспар бекітіліп, 492 нақты іс-шара қабылданды. Аталған жоспарларда қызметті проактивті көрсету, жекелеген қызметтерді электрондық форматқа көшіру, қызмет көрсетудің мерзімдері мен құжаттарын қысқарту, композиттік, экстерриториалдық және өзге де қызмет көрсету шаралары қамтылған.

Бұдан бөлек, Агенттік әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары және мүліктік құқықтар салаларында бұрын «жасырын» болып келген 20 қызметті анықтап, оларды Реестрге енгізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -