ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алты томдық кітапта мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің 1993-2018 жылдар аралығын қамтитын күнделік жазбалары жинақталған.
Бұл жазбаларда халықаралық қатынастың қалыптасып, дамуы, ел мүддесіне қатысты тарихи шешімдердің қабылдануы, автордың қазақтың тарихын, мәдениеті мен өнерін, әдебиетін, салт-дәстүрін, ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлесі, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ішкі, сыртқы саяси ахуалы, ұлтаралық қатынас мәселелері, сондай-ақ адамгершілік пен ұлттық тәрбие туралы ойлары да қамтылған.
Кітап таныстырылымы барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Алты томдық жинағыңыз – тәуелсіз еліміздің тарихын тануға, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және рухани әлемімізді кеңейтуге қосылған сүбелі үлес. Өткен дәуірдің маңызды оқиғалары, халқымыздың басынан өткен тағдырлы кезеңдері шынайы баяндалған туындының өскелең ұрпаққа берер тағылымы зор болары анық. Бұл еңбек – тек сіздің ғұмыр жолыңыздың айнасы ғана емес, бүкіл қазақ елінің тарихы мен рухани мұрасын байытатын құнды дүние. Сондықтан жаңа кітаптарыңыз болашақ ұрпаққа бағдар болатын, елдік пен ерліктің мәнін ұқтыратын маңызды шығармалардың бірі боларына сенімдімін», – делінген құттықтау хатында.
Іс-шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, журналистер, оқырмандар қатысты.