Тұрақты даму орталығы — Қазақстанның жаһандық мақсаттарға қосқан үлесі

1397
Фотосурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас хатшы Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығына барды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі осы айтулы іс-шараға қатысқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке ризашылығын білдірді.

Президент бүгінгі іс-шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл оқиға дүниежүзілік картада өте салмақты акторға айналып келе жатқан Орталық Азияның маңызы жөнінде халықаралық қоғамдастыққа айқын белгі бергенін жеткізді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІ (@ptrk.kz)

Мемлекет басшысының айтуынша, қол қойылған келісім арқылы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықтың құрылуы ресми түрде бекітілді. Бұл – Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықтың маңызды кезеңі.

"Геосаяси дүрбелеңдер мен қақтығыстар белең алып, климаттық өзгерістер күрделенген және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқаруға тиіс. Қазақстан үшін БҰҰ халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала береді. Еліміз Ұйымға кірген сәттен бастап, 33 жыл бойы халықаралық қоғамдастықтың жауапты, белсенді әрі бейбітсүйгіш мүшесі екенін жан-жақты танытып келеді" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

"Бүгінде Орталық Азия бірлігі бекем және тату көршілік пен ортақ прогресс қағидаттарына бейіл өңір екенін паш етіп келеді. Аймақ елдері саяси және әлеуметтік реформалар жүргізіп, экономиканы әртараптандыру бойынша батыл шаралар қабылдап жатыр. Адам капиталын дамытуға күш салып, анағұрлым инклюзивті институттар құруды қолға алды. Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр" Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Орталық аймақтағы елдер экономикасының орнықтылығы мен қарқынын күшейтуге, өңірлік инновацияны дамытуға және ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған үйлесімді іс-қимылдар катализаторы болады деп пайымдайды.

"Аталған Орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше, Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі. Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты Орталық Азия проблемалары баршаға белгілі. Бұл түйткілдердің тиімді шешімін табу үшін өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тарту қажет. Осы ретте Қазақстан келесі жылдың сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірге Өңірлік экологиялық саммит өткізеді"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ауғанстанның бейбіт өмірі мен орнықты дамуы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызға ие.

"Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, сауда-саттықты жандандыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамалар арқылы ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырады. Екі ел арасындағы сауда көлемі ұдайы өсіп келеді. Біз Ауғанстанның бейбіт тіршілігі мен дамуы қатар жүруі керек деп санаймыз. Адамның қадір-қасиеті мен халықаралық құқық бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды қамтамасыз етуге күш жұмылдырмайынша, тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын өзінің ұлттық стратегиясының басымдықтары ретінде қарастыратынын айтты.

"Жетістіктеріміз көп. Алайда біз экономикалық дамуды жеделдетуге және азаматтарымыздың құқықтық қажеттіліктерін өтеуге қатысты жоспарларымызды қалайда іске асыруымыз керек. Мақсатымыз – жан-жақты экономикалық реформа жүргізу, заң мен тәртіп үстемдігіне негізделген қоғам құру ісінде Қазақстанның аймақтағы жетекші рөлін сақтап қалу. Біз адамның негізгі құқықтарын қамтамасыз ететін, жоғары экологиялық стандарттарды сақтайтын Әділетті мемлекет құрғымыз келеді. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні одан әрі дамытуға баса мән береміз. Сондай-ақ Қазақстанды халықаралық жүк тасымалы бойынша еуразиялық хабқа айналдыру үшін әртараптандырылған көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға күш саламыз"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент ортақ игілікке қол жеткізу үшін үкіметті, азаматтық қоғамды және жеке секторды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тек соның арқасында Орталық Азия шын мәнінде тұрақтылықтың, мүмкіндіктер мен орнықты өсімнің мекені ретінде дами алады.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, осындай қилы кезеңде жоғары дипломатия мен көшбасшылық үлгісін көрсетіп келе жатқан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты. Президент еліміздің Ұйым Бас хатшысының бастамаларына алдағы уақытта да қолдау білдіретінін жеткізді.

Антониу Гутерриш барлық қатысушыға ықылас танытып, аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты.

"Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде" Бас хатшы

Сондай-ақ Антониу Гутерриш Түркіменстанда өтетін теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясы қарсаңында Алматыға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

"Орталық осындай мемлекеттер үшін іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруда жаңашыл тәсіл ұсына алады. Бүгінде Қазақстан теңізге шыға алмайтын ел санатына жатпайды. Біз мұны сенімді түрде айта аламыз. Автокөлік және темір жол дәліздері, талшықты-оптикалық желілері арқасында Қазақстан жаһандық сауда жүйесінің, әлемдік логистиканың, көлік және телекоммуникацияның орталығына айналды. Сіздердің елдеріңіз шын мәнінде Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы көпір болып отыр" Антониу Гутерриш

Бас хатшы сөзінің соңында Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді.

"Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан –даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Бұл – түрлі этнос пен дін өкілдері бас қосып, ортақ келешекке апаратын жолды бірге іздейтін мекен. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде Сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті. Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр" Антониу Гутерриш

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -