Қазақстан – жаһандық стартап сахнасындағы негізгі ойыншы: сарапшы пікірі

1826
Фотосурет: Gov

Қазақстан АҚШ пен Қытайды қоса алғанда, әлемнің жетекші технологиялық экожүйелерімен тең қарқынмен құны $1 млрд және тіпті $10 млрд стартаптарды тудыратын технологиялық экожүйені құрды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл туралы стартаптар мен венчурлық инвестицияларды талдаудың  әлемдік жетекші платформасы Dealroom.co негізін қалаушысы және бас директоры Йорам Вийнгаарде мәлімдеді.

Digital Almaty-2025 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Йорам Вийнгаарде жаңа экожүйелер мен олардың жаһандық нарыққа ашатын мүмкіндіктерінің маңызын айтып өтті. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропа стартаптар саны бойынша көшбасшы болып қала береді, алайда Азия елдері жоғары өсу қарқынын көрсетіп жатыр. Қазақстан қазірдің өзінде Орталық Азияға инвестицияланатын бүкіл жаһандық венчурлық капиталдың 15-20%-ын иеленіп отыр.

"Қазақстан стартап-экожүйелердің әлемдік аренасында маңызды ойыншы атанды. Бүгін мұнда көптеген жоғары технологиялық стартаптар дамып жатыр және аймаққа венчурлық капиталды инвестициялау айтарлықтай өсті. Қазақстан "декакорндардың", яғни 10 миллиард АҚШ долларынан асатын стартаптардың пайда болу динамикасы бойынша АҚШ-қа жетіп қана қоймай, озып та бара жатыр. Өте қысқа мерзім ішінде, Қазақстанның өте жас IT-экожүйесінде 10 миллиард доллардан жоғары бағаға ие Kaspi.kz секілді компаниялар пайда болды, бұл қазақстандық экожүйенің халықаралық венчурлық инвестицияларды тартудағы және әлемдік деңгейдегі компанияларды құрудағы жоғары әлеуетін көрсетеді" Йорам Вийнгаарде

Dealroom.co жұмысы барысында  Қазақстандағы 101 стартап талданды, ал бұл өңірді зерттеудің бастамасы ғана. Вийнгаарде келер жылы Astana Hub халықаралық Технопаркімен ынтымақтастықты нығайтудың арқасында деректер базасы айтарлықтай кеңейетініне сенім білдірді, бұл қазақстандық стартап-экожүйенің мүмкіндіктері мен үрдістерін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның экожүйесін Dealroom.co платформасына интеграциялау  халықаралық инвестициялар мен серіктестіктерге қолжетімділікті ашатын стратегиялық маңызы бар. Бұл қазақстандық стартаптарға капитал тартуға, жаһандық нарыққа шығуды жеделдетуге және инновациялардың әлемдік картасында ел позициясын нығайтуға көмектеседі.

Еске салсақ, 31 қаңтар – 1 ақпан аралығы Алматыда "Атакент" көрме кешенінде Digital Almaty-2025 халықаралық форумы өтіп жатыр. Іс-шараның тақырыбы - "Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар". Форумды ұйымдастырушылар: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы әкімдігі және "Инновациялық технологиялар паркі" ДКҚ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -