Қазақстан цифрлық көшбасшы атануға нық қадам басып, жасанды интеллект пен автоматтандыру саласында озық шешімдер әзірлеуде. Бүгінде қазақстандық стартаптар тек дамып қана қоймай, жаңа трендтерді қалыптастырып, инвесторлар мен халықаралық қауымдастықтың назарын аударуда. Digital Almaty 2025 форумында 80-ге жуық болашағы зор компания өз жобаларын таныстырды., деп хабарлайды DKnews.kz.
«Қазақстанның IT саласы қарқынды дамып келеді, және бүгінгі таңда біз отандық инновациялық стартаптардың жаһандық нарыққа шығуын көріп отырмыз. Digital Almaty алаңында қазақстандық стартаптар ұсынылып, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатыны дәлелденді. Бәлкім, болашақта біздің жас кәсіпкерлеріміз жаңа «IT пайғамбарлары» – Илон Маск, Стив Джобс, Билл Гейтстермен қатар аталатын болады» PR-директоры Ляззат Сағындықова
Call2Action.ai: кадрларды іріктеуде төңкеріс
Ең перспективалы қазақстандық стартаптардың бірі – Call2Action.ai. Компанияның негізін қалаушы Ерсұлтан Жұсахиновтың айтуынша, бұл жоба жасанды интеллектті пайдаланып, рекрутинг процесін оңтайландырады. Жүйе сұхбаттасудың екі кезеңін толықтай автоматтандырады: AI кандидаттарға өзі қоңырау шалып, содан кейін бейне сұхбат өткізеді. Кандидаттардың жауаптарын сараптай отырып, 10 балдық жүйе бойынша бағалау жүргізеді. Нәтижесінде жұмыс берушілерге тек ең үздік үміткерлер ұсынылады, бұл кадрларды іріктеуге жұмсалатын уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдейді.
KOZ: бизнеске арналған цифрлық көмекшілер
Тағы бір инновациялық жоба – KOZ. Жобаның әзірлеушісі Ермұхамед Қуатовтың айтуынша, олар компаниялардың тұтас бөлімдерін алмастыра алатын AI-агенттер жасайды. KOZ жасанды интеллект агенттері HR бөлімдерінің қызметін толықтай орындай алады: үміткерлерді талдау, сұхбат өткізу және тестілеу жүргізу. Бұдан бөлек, стартап технологиялары сатылым және маркетинг бөлімдерінде белсенді түрде қолданылуда – боттар клиенттерді тауып, олармен байланыс орнатып, өнімдерді өз бетінше сата алады.
Нархоз университетінің жасанды интеллекттің цифрлық трансформация институты
Өткен жылы Нархоз университеті базасында Жасанды интеллекттің цифрлық трансформация институты құрылды. Институт AI саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңа шешімдер әзірлеумен айналысады. Әсіресе, тау-кен металлургиясы және мұнай-газ саласына ерекше көңіл бөлінеді. Институттың негізгі жобаларының бірі – өндірістік процестерді машиналық оқыту арқылы оңтайландыру. Жасанды интеллект кен құрамын талдап, өңдеудің оңтайлы параметрлерін анықтайды, бұл операторларды алмастыруға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер өндіріс көлемін 10%-ға арттырып, пайдалы қазбаларды өндіру көрсеткішін 0,5-1%-ға жақсартады. Орта және ірі компаниялар үшін бұл жылына 50-100 миллион доллар көлемінде үнемдеуге жол ашады.
Қазақстан – цифрлық державаға айналу жолында
Бұл стартаптар – Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан IT-экожүйенің бір бөлігі ғана. Инновацияларды мемлекеттік қолдау, венчурлық қаржыландыруды дамыту және жоғары деңгейдегі мамандардың болуы жаңа технологиялық көшбасшылардың қалыптасуына жағдай жасап отыр. Қазақстан цифрлық революцияның табалдырығында тұр, ал оның IT-стартаптары таяу уақытта жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті ойыншыларға айналуы мүмкін.