Мемлекеттік қызметке конкурс арқылы іріктеу: құқықтық кепілдіктер, анықталған бұзушылықтар және ден қою шаралары

594
Фотосурет: @pressfoto / freepik.com

Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматқа мемлекеттік қызметке қабылдануға тең құқықты қамтамасыз етеді. Бұл ретте кандидаттарды іріктеу критерийлері тек қана лауазымдық міндеттердің ерекшеліктеріне сай анықталып, заңнамада бекітіледі. Осылайша мемлекеттік қызметке қолжетімділік жеке таңдауға немесе сыртқы жағдайларға емес, заңдылық, кәсіби шеберлік және объективтілік қағидаттарына негізделеді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Конкурсты өткізу тәртібі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларымен және Ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидаларымен реттеледі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз қызметінде мемлекеттік қызметке кандидаттарды конкурстық іріктеу процесінде қолданыстағы заңнаманың нормаларын қатаң сақтауға жоғары мән береді.

Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік органдар 902 конкурс өткізді, оның 324-і жалпы конкурс және 578-і ішкі конкурс болды. Конкурстардың негізгі бөлігі, атап айтқанда 610 конкурс атқарушы лауазымдарды толықтыруға бағытталса, басшы лауазымдарды иелену үшін жалпы 292 конкурс өткізілді.

Өткізілген конкурстардың нәтижелеріне және олар бойынша қабылданған шешімдерге уәкілетті органға шағымдану жағдайлары әлі де орын алуда. Осы жылдың өткен кезеңінде Департаментке конкурс нәтижелері мен мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің іс-әрекеттерімен келіспеген кандидаттардан 18 шағым түсті. Шағымдарды қарау нәтижесінде 7 жағдайда қабылданған шешімдер заңсыз деп танылып, күшін жойды, ал 6 өтініш бойынша іс жүргізу өтініш берушілердің өздерінің арыздары негізінде тоқтатылды.

Материалдарды талдау нәтижесінде өткізілген конкурстық рәсімдердің ұйымдастырылу тәртібінде жүйелі бұзушылықтардың бар екендігі анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың кадр қызметкерлері кандидаттардың электрондық жеке істерін және қоса берілген құжаттарын тиісінше зерделемеу жағдайларына жол беруде. Бұл негізсіз әкімшілік шешімдердің қабылдануына әкеліп, азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділікке конституциялық құқығын шектеуге себеп болады.

Мысалы, бір жағдайда конкурс жариялаған мемлекеттік органның кадр қызметі кандидаттың «Ғылыми дәрежесі» бөліміне жүктеген жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжатын ескермей, оның құжаттарын қайтарып, әңгімелесуге жібермеген. Ал Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 12-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

Сонымен қатар, заңнама кандидаттың конкурстың кез келген кезеңінде біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда оны шығарып тастауға жол береді. Алайда, мұндай шешім негізді болуы және оның дәлелділігі үшін жеткілікті негіздер болған жағдайда ғана қабылдануы тиіс.

Дегенмен, аудандық әкімдіктің кадр қызметі ауылдық округ әкімінің орынбасары лауазымына үш кандидаттың тиісті білімі мен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарда жеткілікті жұмыс тәжірибесі болғанына қарамастан, оларды конкурстың келесі кезеңіне жіберуден негізсіз бас тартты.

Басқа жағдайда кадр бөлімі кандидатқа жетіспейтін құжаттарды толықтыру және электрондық жеке ісіне түзетулер енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етпеген, соның салдарынан оның конкурстық кезеңдерге қатысуына заңсыз, мерзімінен бұрын және дәлелсіз бас тарту туралы шешім қабылданған. Сонымен бірге, ұқсас жағдайда болған басқа кандидаттарға кадр қызметі жетіспейтін құжаттарды толықтыру және электрондық жеке ісіне қажетті өзгерістер енгізу мүмкіндігін берген.

Айта кету қажет, кадр қызметі тарапынан құжаттарды толық ұсынбаған кандидаттарды конкурсқа жіберу, не болмаса керісінше, құжаттары толық кандидаттарды конкурсқа қатысуға жіберу жағдайлары жүйелі сипатқа ие болуда. Аталған жағдайлардың жүйелі түрде қайталануы жауапты лауазымды тұлғалардың заңды әрі негізді әкімшілік шешімдер қабылдау өкілеттіктерін тиісті деңгейде жүзеге асырмай отырғанын айғақтайды. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік қызметке тең және әділ қолжетімділік құқықтарының бұзылуына себеп болуда.

2025 жылы белгіленген конкурстық іріктеу рәсімін бұзғаны үшін Департаментпен әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 383 370 теңгені құрады.

Жүргізілген талдаудың нәтижелері кезекті Әдеп кеңесінің отырысында қаралып, оның қорытындысы бойынша алдағы уақытта осындай бұзушылықтардың қайталануын болдырмау мақсатында тиісті ұсынымдар әзірленді.

Мемлекеттік қызметке азаматтардың тең қолжетімділігі – мемлекеттік басқару жүйесінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететін басты конституциялық қағидаттардың бірі. Мемлекеттік органдар өз өкілеттігі аясында бұл құқықты жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды жасауға міндетті. Олар заң талаптарын қатаң сақтап, кемсітушілікке жол бермей, конкурс рәсімдерінің әділдігін, айқындығын және заңдылығын қамтамасыз етуі қажет.

Нұрқат Батырқұлов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -