Digital Almaty 2025: Шахмат және AI – өткен мен болашақтың одағы

2057
Фотосурет: KazChess

Алматы кезекті рет цифрлық инновациялар орталығы мәртебесін растады. 2025 жылдың 31 қаңтары мен 1 ақпанында «Атакент» ҚІЫО № 10 павильонында Digital Almaty 2025 халықаралық цифрлық форумы өтті. Негізгі спикерлердің қатарында KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов болды, ал шахмат іс-шаралары бағдарламаның ең қызықты бөлігіне айналғаны сөзсіз, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жетінші рет өткен форумда дүние жүзінен 300-ден астам сарапшының басы қосылды. Оның тақырыбы – «Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар», мұның өзі жасанды интеллектінің бизнес пен мемлекеттік басқаруға әсерін тигізетінін ғана емес, сонымен қатар қаржылық және корпоративтік секторда стратегиялық ойлаудың құралы болып табылатын шахматқа қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.

Шахматтан жасанды интеллектіге қарай

Бүгінде шахмат зияткерлік дамудың нышаны болып отыр, ал бір кездері дәл осы шахмат жасанды интеллектінің дамуының негізін қалады.

1989 жылы 12-ші Әлем чемпионы Анатолий Карпов пен Deep Thought шахмат компьютерінің арасында әйгілі матч өтті. Бұл адамдармен бәсекелесуге қабілетті бағдарламалар жасау жолындағы алғашқы қадам еді. Онда Карпов айқын жеңіске жетті. Алайда небары сегіз жылдан кейін, 1997 жылы Deep Blue атты жаңа буын шахмат компьютері Гарри Каспаровты жеңіп, ЖИ мүмкіндігі туралы түсінігімізді мәңгіге өзгертті.

«Жасанды интеллект адам сенгісіз жылдамдықпен дамып келеді және адам үшін оның соңғы үлгілерімен бәсекелесу барған сайын қиындап барады. Дегенмен зияткерлік икемділікті сақтаудың және цифрлық дәуірдің сын-қатеріне бейімделудің дәлелденген жолы бар – бұл шахмат. Ежелден келе жатқан осы ойын ақыл-ойымызды шыңдап қана қоймай, белгісіздік жағдайында тез шешім қабылдау қабілетімізді де дамытады. Digital Almaty форумында Қазақстан шахмат федерациясының стендіне көптеп келген қонақтар электронды шахмат тақталары мен шахмат үйрететін роботтарды тамсана тамашалады. Адамдардың осындай қызығушылығын көру шынымен де шабыттандырады! Мұның өзі Қазақстандағы шахматтың болашағына сенімімді нығайтып, алға қойған биік мақсаттарымызды іс жүзіне асыруға күш береді» ҚШФ президенті Тимур Турлов 

KazChess аймағы: шахматтың өткені мен болашағы

Digital Almaty 2025 аясындағы KazChess аймағы екі тұжырымамалық бөлікке бөлінген:

Бірінші бөлігі - шахматтың өткені: мұнда классикалық шахмат назарға ұсынылып, қазақстандық гроссмейстерлер – Әлішер Сүлейменов, Меруерт Қамалиденова, Алуа Нұрман мен Ксения Балабаеваның қатысуымен турнирлер өтті.

Екінші бөлігі - шахматтың болашағы: мұнда жұртшылықтың назары шахмат роботтарына және фигураларды өз бетінше жылжытатын зияткерлік тақталарға аударылды.

Арнайы промоаймақта қатысушылардың назарына ұсынылғаны:

  • Кіріктірілген жасанды интеллектісі бар Square Off электрондық шахмат тақталары.
  • Ойнап қана қоймай, шахматты үйрете алатын SenseRobot шахмат роботтары (25 қиындық деңгейі, рейтингтің 2900 көрсеткішіне дейін!).
  • Көнеден сақталған винтажды шахмат жинақтары.

Сондай-ақ мұнда бірегей сайыс өтті: Тимур Турлов шахмат роботына қарсы ойнады. Құрметті қонақтардың арасында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев болды.

Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде өткен іс-шаралар:

  • Осыдан екі жыл бұрын Магнус Карлсенді жеңіп сенсация жасаған Әлішер Сүлейменовпен бір мезгілдегі шахмат сеанстары.
  • 2024 жылғы 45-ші шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегерлері – әйелдер арасындағы гроссмейстерлер Меруерт Қамалиденовамен, Алуа Нұрманмен және Ксения Балабаевамен кездесу.
  • Ниет білдірген кез келген адам қатыса алатын Ашық блиц-турнир.

Қорытынды: шахмат өткен мен болашақтың арасындағы көпір ретінде

Digital Almaty 2025 форумы шахматтың жай ғана зияткерлік ойын емес, талдампаздық ойлауды, технологияларды және стратегиялық жоспарлауды дамытудың іргетасы екенін көрсетті. Біз кездері жасанды интеллект шахматтан басталған болатын, ал қазір шахматтың өзі цифрлық эволюцияның бір бөлігіне айналып жатыр.

Қазақстан әлемдік шахмат алаңындағы өзінің позициясын нығайтуды жалғастырып, шахматтың стратегия, логика және технологиялар кез келген салада табысқа жетудің кілті екенін дәлелдеп отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -