Голландияның Вейк-ан-Зее қаласында Tata Steel Chess Tournament 2025 халықаралық шахмат фестивалі аяқталды. Маңызы жағынан Masters сайысынан кейін екінші саналатын Challengers турнирінде мүмкін 13 ұпайдан 7½ жинаған 20 жасар Қазыбек Нөгербек 6-8-ші орынды бөлісті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кез келген шахматшы үшін өте маңызды жарыс – Голландияның Вейк-ан-Зее қаласында өткен турнирге дебютпен шыққан 20 жасқа дейінгі юниорлар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек (рейтингі – 2514) бастапқы кезде жеңіліске ұшырағанымен, еңсесін көтеріп чемпионға тән мінез таныта білді. Келесі 12 турда ол жеті партияда тең түсіп және төртеуінде, соның ішінде соңғы турда жеңіске жетіп 7½ ұпай алды. Нәтижесінде оның гроссмейстерлік турнир перформансы 2606 көрсеткішіне жетіп, рейтингі 16,2 бірлікке көтерілді, оның үстіне 6-8-орынды бөлісті.
Ал Challengers турнирінде 9½ ұпай жинаған, 23 жасында шахмат тақтасында ғана емес, диджей, актёр және тележүргізуші ретінде әйгілі болған Чехияның шығу тегі вьетнамдық гроссмейстері Тай Дай Ван Нгуен (2668) жеңімпаз атанды (және келесі жылы Masters турнирінде ойнау құқығын алды!)
2024 жылғы Әзірбайжан чемпионы 19 жасар Айдын Сулейманлының (2623) активіндегі ұпай саны онымен бірдей, бірақ ол ең нашар Зоннеборн-Бергер коэффициенті жағынан ұтылды.
3-ші орынға 8½ ұпай жинаған Нидерландының 2022 жылғы чемпионы 39 жастағы Эрвин л’Ами (2614) көтерілді.
Негізгі турнир саналатын Tata Steel Chess Masters 2025 жарысында қос көшбасшы – қазіргі әлем чемпионы 18-жасар Үндістан шахматшысы Гукеш Доммараджу (2777) және оның отандасы Прагнанандха Рамешбабу (2741) соңғы турларда жеңіліс тапқанымен, көшбасшылығын сақтап қалды. Сонымен регламент бойынша 1-ші орын үшін қосымша матч өтті: 3+2 блицтен екі партия, яғни екі жақ тең түскен жағдайда «кенеттен өлім болатын» (sudden death) қос партия ойналды, ол бойынша ақ фигуралармен ойнайтын спортшының уақыты қарсыласынан жарты минутқа аз болады. 18 жасар Гукеш және Праг өздерінің ақ партияларын ұтқаннан кейін ақ түс (2,5+2) Прагқа бұйырды. Сөйтіп 19 жасар Прагнанандха Рамешбабу Вейк-ан-Зее қаласындағы 87-ші рет өткен турнирде бәрінен басым түсіп жеңіске жетті!
3-ші орын Үндістанның қос ойыншысынан жарты ұпай артта қалған Өзбекстан шахматшысы Нодирбек Абдусатторовқа (2768) бұйырды.
Жалпы турнирде жолы болмай, 5½ ұпаймен 10-орынды қанағат тұтқан Үндістан ойыншысы Арджун Эригайси (2801) ең соңында Абдусатторов пен Гукештен басым түсіп, осынау тамаша екі жеңісімен ішінара болса да көңілін көншітті.