Кремний алқабынан Алматыға дейін: неге Қазақстан AI-инвесторларды тартады?

2057
Фотосурет: Gov

Жобаларды дамытуға арналған гранттар, жетекші технологиялық хабтарда резиденттік, ірі инвесторларға қолжетімділік және бірегей бизнес-ресурстар – Digital Almaty 2025 IT-мамандар, стартапшылар, инвесторлар, бизнес өкілдері және мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланыстырушы көпірге айналды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Форумның басты тақырыбы – жасанды интеллекттің (ЖИ) өнеркәсіпке, экономикаға және мемлекеттік басқаруға әсері болды. Оның қаржы саласына, мемлекеттік басқаруға, ESG, медицинаға, білім беру мен киберқауіпсіздікке интеграциясы талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанада Alem.AI Халықаралық  жасанды интеллект орталығы құрылатыны туралы жариялады. Бұл орталық стартаптар мен IT-компанияларды біріктіреді. Ол сондай-ақ ЕАЭО елдерін осы жобаға қосылуға шақырды. Пленарлық отырыс барысында Digital Awards премиясының лауреаттары – үздік IT-шешімдер мен инновациялық жобалар иегерлері марапатталды.

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында 37 панельдік сессия өтті, оған 200 спикер қатысты, оның 60-ы – шетелдік сарапшылар. "AI-driven: Government, business, society" тақырыбындағы панельдік дискуссияда қатысушылар мемлекет пен бизнестің ЖИ саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын, сондай-ақ инфрақұрылым мен кадр даярлауға инвестиция құю қажеттігін атап өтті.

Сарапшылардың ортақ пікірінше, қазіргі таңда жасанды интеллект әр адамның өмірінде сенімді серікке айналуы тиіс.

"Жасанды интеллектті неғұрлым жылдам қабылдасақ, соғұрлым жақсы мұғалім, жақсы дәрігер, жақсы кәсіпкер бола аламыз" Деп мәлімдеді Veon Group компаниясының бас директоры Каан Терзиоғлу

Oxford Insights компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Ричард Стирлинг жасанды интеллект бұрын адамдар атқарған міндеттерді барған сайын көбірек орындай бастағанын атап өтті. Мысалы, ЖИ медициналық деректерді талдап, диагноз қоюға көмектесе алады. Алайда, оның пікірінше, ең тиімді модель – адамның жасанды интеллектпен бірлескен жұмысы.

"Қазірдің өзінде еңбек нарығы өзгеруде. Мен жұмыссыздық туралы айтып тұрған жоқпын, бірақ әр адам жаңа жағдайға бейімделіп, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренуі керек. Бұл оған құнды тәжірибе береді" Деді Стирлинг

Ал Лондонның "Арсенал" клубының және Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Сол Кэмпбелл адамдарға роботтармен жұмыс орны үшін бәсекелесуден қорқудың қажеті жоқ екенін айтты.

"Мұнда оқыту саласында көптеген жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бар. Менің ойымша, жасанды интеллект еңбек нарығына кері әсер етпейді. Керісінше, ол жұмыс орындарының артуына, салалардың дамуына ықпал етеді. Кейбір мамандықтар жоғалуы мүмкін, бірақ жалпы алғанда, өсім болады" Деген пікірін білдірді Сол Кэмпбелл

Gagarin Capital және Davidovs VC негізін қалаушы Ник Давыдов, соңғы 12 жыл бойы тек AI-стартаптарға инвестиция салып келе жатқан инвестор, Қазақстанның IT индустриясына арналған инвестициялық қорына баға берді. Ол Қазақстанның Кремний алқабына ұқсас жұмыс мәдениетіне ие екенін атап өтті.

«Мұнда тамаша білім беру жүйесі, керемет таланттар бар, адамдар ақылды әрі табанды. Жұмыс мәдениеті өте жағымды және Кремний алқабының мәдениетіне сай келеді. Адамдар аптасына 100 сағат жұмыс істеуге және қажеттінің бәрін жасауға дайын» Ник Давыдов

Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турловтың пікірінше, жасанды интеллектке жоғары шығындар жұмсалғанына қарамастан, оның енгізілуі бизнес өнімділігі мен тиімділігінің артуы есебінен әлдеқайда көп пайда әкеледі.

«Жасанды интеллектті енгізу оны жасаумен салыстырғанда әлдеқайда көп пайда әкеледі. Тіпті ондаған және жүздеген миллион доллар жұмсалғанның өзінде, негізгі құндылық ақырғы пайдаланушылар үшін пайдасында болады» Тимур Турлов

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Салалық ведомство AI Movement және LMS сияқты білім беру платформаларын дамытуға, сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған республикалық AI Olymp олимпиадасын өткізуге ниетті. Бұл шаралар жасанды интеллект саласындағы кәсіби мамандар қауымдастығын қалыптастыруға көмектеседі.

«Біз ұлттық жасанды интеллект платформасын дамыту үшін есептеу қуатын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекеттік органдар үшін AI-агенттерді құруға, KazLLM сияқты ұлттық тілдік модельдерді дамытуға негіз болады. Ұлттық жасанды интеллект платформасы мемлекеттік органдардың жабық контурында жұмыс істеуге қолжетімді болады, бұл деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді» Жаслан Мәдиев

2025 жылы жасанды интеллект саласындағы жұмысты реттейтін заң жобасын қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл Қазақстанда AI технологияларын дамытудың басымдықтары, мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын кешенді құжат – Ұлттық жасанды интеллект дамыту стратегиясын әзірлеу басталады.

Жасанды интеллект инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі – Астанадағы Alem.AI халықаралық орталығы болмақ. Мәдиевтің түсіндіруінше, оны құрудың мақсаты – жасанды интеллектті ел экономикасына және қазақстандықтардың күнделікті өміріне енгізу.

2030 жылға қарай жасанды интеллектпен жұмыс істеуге 1 миллион қазақстандықты оқыту жоспарлануда, оның ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент және 90 мың мемлекеттік қызметші. Білім беру бағдарламаларын енгізу цифрлық трансформацияға дайын мамандар буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Еуразиялық даму банкінің төраға орынбасары Тигран Саркисянмен кездесу өткізіп, Цифрлық бастамалар қорының жобалары, соның ішінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, Астананың көлік үлгісі және телерадио хабарларын таратудағы қауіптерді басқару жүйесі бойынша ынтымақтастықты талқылады. Министр жасанды интеллектті дамыту – үкіметтің басымдықтарының бірі екенін, оның ішінде мемлекеттік жасанды интеллект платформасы мен AI-агенттерін құру жоспарланғанын атап өтті. ЕАДБ мұндай жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ венчурлік бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Digital Almaty 2025 көрмесінде жалпы саны 200-ге жуық компания таныстырылды. Олардың қатарында: жас стартаптар, IT-алыптар, халықаралық технопарктер, инновациялық жобалар, инвесторлар және бизнес өкілдері бар.

Форумның қорытындысында жүлде қоры 60 мың доллар болатын стартаптар сайысы өтті. Жас командалар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынды. Негізгі номинациялардың жеңімпаздары epsilon3ai, Finflow, arlan biotech және qala ai әрқайсысы 15 мың доллардан жүлде алды. Сондай-ақ финалистер арасында серіктестер тарапынан арнайы жүлделер таратылды. Олардың ішінде бұлтты сервистер, жарнамалық кампаниялар, халықаралық хабтарға резиденттік және "Қазақтелеком" компаниясынан 10 мың доллар болды.

Сонымен қатар, Digital Ministry Cup робототехника турнирінің жеңімпаздары да марапатталды. Бұл турнир FIRST Tech Challenge халықаралық чемпионатының бір бөлігіне айналды. Байқауға Қазақстанның 24 үздік командасы қатысты. Турнирдің жеңімпазы Алматы қаласынан Sana БІЛ командасы атанып, 1 миллион теңге жүлде алды. Бұл турнир Қазақстанда STEM-білім беруді насихаттаудың маңызды қадамы болып, жастарға технологиялар саласында жаңа мүмкіндіктер ашты.

Ақпан айында Алматыда Almaty Tech Cup финалдық кезеңі өтеді. Ол Орталық Азияның үздік командаларын анықтап, оларды Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік чемпионатына қатысуға жолдама береді.

Форум аясында компаниялар мен мемлекеттік органдар арасында 25-тен астам ынтымақтастық меморандумы жасалды. Сондай-ақ 150-ден астам іскерлік кездесу мен келіссөздер өтті. Бұл шаралардың IT саласына тигізер әсерін жақын арада байқайтын боламыз.

Digital Almaty 2025 тағы да өзінің ЕАЭО мен Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар саласындағы басты оқиға ретіндегі мәртебесін растады. Ол цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу, перспективаларды талқылау және ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -