Қарауыл – қарапайым қызмет емес

7942
Фотосурет: Ұлттық ұлан

5513 әскери бөлімінің жауынгерлері Тараз қаласындағы түзеу мекемелерін қас қақпай күзетеді. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аңызақ ыстығында биік бекетте тұру ерік-жігері берік жауынгерлердің ғана қолынан келеді. Сайдың тасындай іріктелген қайсар сарбаздар ғана қолына қару алып қызметке түседі.

Әдетте қарауыл қызметіне аттанар алдында іріктелген сарбаздар нұсқаулықтан өтеді. Сондай-ақ олармен таралым алдында психолог сөйлеседі. Олар үшін жауынгерлердің жауапты міндетті атқарар алдындағы жағдайын анықтау өте маңызды.

- Біз біріншіден сарбаздардың түр-тұлғасы мен көңіл күйіне зер саламыз. Өйткені олар бізге дейін санитарлық бөлімде тексерістен өтеді. Ал жауынгердің жан дүниесін көзінен де байқауға болады. Егер жауынгер сапта тұрған сәтінде берілген бұйрықты орындамаса немесе дағдарып қалса, батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымен сөйлесіп, жағдайды басқа қырынан қараймыз. Себебі жауынгер бұйрықты естімей қалған болуы мүмкін немесе әлденеге алаңдаулы болуы да ғажап емес. Сондықтан атқыштар ротасында қызмет атқаратын сарбаздармен ауқымды жұмыс жүргізіледі, – деді ТжӘҚЖ бөлімше бастығының аға көмекшісі (психолог) болып қызмет ететін лейтенант Жанна Саржанова.

Жіті тексерістен өткеннен кейін жеке құрам белгіленген түзеу мекемесінің қарауыл бастығына табысталады. Мәселен, біздің сапар барысында 5513 әскери бөлімінің 1 атқыштар ротасы бөлініс бастығы – қарауыл бастығы старшина Ғабит Дауимов жауынгерлерімен бірге түзеу мекемесін күзетіп жүр екен. Ол атамекенін аңсаған ата арманының арқасында елге келіп, өсіп-өнген тәуелсіз азамат.

Ғабит Орынбайұлы 1982 жылы Өзбекстанның Нүкіс қаласында өмірге келген. 1993 жылы қазақ жеріне табаны тиген 5 сынып оқушысы ол кезде 11 жаста болатын. Ата қонысқа атбасын бұрған ағайынның балалары Қазақстанда білім алып, ер жетті. Осыдан кейін Отан алдындағы борышын 2000-2002 жылдары Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында орналасқан шекара қызметінің 2534 әскери бөлімінде өтеген.

- Атамның арманы елге оралу болды. Ол кісі бала күнінде ашаршылыққа байланысты әке-шешесімен көрші елге қоныс аударған. Өкінішке қарай, қария  арманына қол жеткізе алмай өмірден өтіп кетті. 1992 жылы көрші елде көз жұмды. Артында қалған ұрпағы Алматы облысы Шамалған ауданына көшіп келдік. Мен 1997 жылдан бері Таразда тұрамын. Әскери борышымды өтеп келген соң полиция қызметкері болып еңбек еттім. Уақыт өте келе жұмыста қысқартулар болды. Сондай өзгерістерден кейін 2011 жылы 5513 әскери бөліміне қызметке орналастым. Бастапқыда атқыш сарбаз, бөлімше командирі, қарауыл бастығының көмекшісі болдым. Тәжірибе жинағаннан соң қарауыл бастығы лауазымына тағайындалдым, – деді өзін таныстырған қарауыл бастығы.

Бүгінде ол түзеу мекемесінің күзетілуіне, соның ішінде: сотталушының қашып кетпеуіне, сақшылардың уақытылы ауысуына жауапты. Қарауыл қызметіне жұмылдырылған жауынгерлердің ішкі тәртібін қадағалау да оның міндетіне жатады. Биыл оның қарауыл қызметінде жүргеніне бір мүшелден асты.

Мұндағы қару асынған қаһарлы жігіттердің қызметі жауапкершілік пен моральдық және психологиялық ауыртпалыққа толы. Қарауыл бастығы қарамағына келетін жауынгерлердің бауырмалдығын айрықша атап өтті.

- 2019 жылы 9 мамыр күні №2 түзеу мекемесінде сотталушы тыйым салынған аймаққа өтпек болды. Ол кезде біз оны дер кезінде тоқтаттық. 2021 жылы 23 қаңтарда 2 атқыштар ротасында қызмет еткенмін. Сол шақта №58 түзеу мекемесінде қызмет атқарып жүргенбіз. Кенеттен бір сотталушы ішкі тыйым салынған аймаққа жақындаған еді. Сол уақытта оған да тойтарыс бердік. Екеуінде де сарбаздарымыз марапатталды. Осыдан кейін «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» медалін иелендік, – деді старшина Ғабит Дауимов қызметінің қыр-сыры жайлы айта отырып.

Кейіпкеріміз бірінші кезекте жауынгерлердің көңіл күйі мен денсаулығына мән береді. Сондай-ақ олардың міндеттерін қаншалықты білетінін тексереді.

- Әдетте сарбаздың дауыс ырғағынан-ақ көп жағдайды бағамдауға болады. Көңіл күйі жақсы сарбаз реңді келеді. Ондай жауынгерлер кез келген сынаққа төтеп бере алады, – деді ол.

Айтса айтқандай-ақ, қарауыл қызметіне жіберілген сарбаздар жігерлі болуға тиіс. Бақытымызға орай, Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мұндай сарбаздар жетіп артылады. Солардың бірі – 5513 әскери бөлімінің 1 атқыштар ротасы 4 взвод 2 бөлімшесінің сарбазы қатардағы Сабырбай Омарбек. Ол армияға Түркістан облысы Келес ауданынан келген.

- Отан алдындағы борышты өтеу – әр жігіттің парызы. Бұдан бөлек кез келген жұмысқа орналасу үшін әскери билетің болмаса тағы қиын. Менің негізгі мамандығым – мұрағатшы. Бірақ оқу бітірген соң құрылыста жұмыс істеген едім. Өзіңіз көріп отырғандай, қазір құқықтық тәртіп әскерінің қатарын толықтырып, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрмін. Ал қарауыл қызметіне келер болсақ, мұнда көзінде оты бар, мызғымас мінезге ие әскери қызметшілер қызмет етеді. Бекетте тұрған кезімде сотталушылар көзге еріксіз ілінеді, сол сәтте санаға түрлі ой қонады. Қарапайым тілмен айтсақ, күнделікті өмірде тыныш жүру керек екенін ұғынамын, – деді қатардағы Сабырбай Омарбек.

Бұл жерде Сабырбай секілді әскери қызметшілер көп. Олардың біразы әскерден соң Ішкі істер органдарында қызмет еткісі келеді. Оларға мұндай ой түзеу мекемесіндегі жауынгерлік-қызметтік міндеттерді атқару кезінде келген. Яғни, ел қорғанына айналған азаматтар өздері атқаратын жауапты міндеттердің маңызын жақсы түсінген. Осыған қарап-ақ Ұлттық ұлан сапына қосылған сарбаздар әскери сала бойынша білім алып қана қоймайтынын, елдік пен ерлікке ұмтылған ұлдарға тән тәрбие де ала кететінін ескерген жөн.

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -