Нәтижелерді басқару: жаңа Бюджет кодексі реформаларға бағытталған

1925
Фотосурет: ©️ Н.Байбулин /Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Бюджет кодексін және оған ілеспе заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырыс барысында депутаттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» заңды екі оқылымда қарады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Бюджет кодексі халықаралық стандарттар мен қазіргі заманғы сын-қатерлерге сәйкес келетін ашық, тиімді және икемді бюджеттеу жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Жаңа Бюджет кодексі бюджеттік процесті түбегейлі жеңілдетуге, «бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» ауысу арқылы бюджет саясатының үлгісін реформалауға, блоктық бюджет элементтерін енгізуге, бюджеттік саясаттың шекті параметрлерін айқындауға және фискалдық орталықсыздандыруды күшейтуге бағытталған.

Талқылау кезінде сенаторлар заңдарды концептуалды түрде қолдап, оларға бірқатар ұсыныстар енгізді.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Нақты айтқанда, Палата депутаттары енгізген түзетулердің бірқатары өңірлерді дамытуға және қаржылық дербестікті қамтамасыз етуге арналған. Осылайша, ауылдық жерлерде жайылымдардың тозып, шөлейттенуіне байланысты олардың тапшылығының артып келе жатқанын ескере отырып, сенаторлар жайылымдық инфрақұрылым нысандарын дамыту мен реконструкциялауға қаражатты аудандық және ауылдық бюджеттердің шығыстарына жатқызуды ұсынды. Өйткені бұл функциялар «Жайылымдар туралы» салалық заңда көзделген.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Сенаторлар енгізген тағы бір жаңашылдық қаржыландыру мәселелерінде аналитикалық тәсілді күшейтуге қатысты болды. Бұл мониторингтеуді, шығыстардың тиімділігін бағалауды және мемлекеттік аудиттің қатысуын білдіреді. Қолданылатын салық жеңілдіктерінің тиімділігін объективті бағалау үшін сенаторлар талдамалық есепті қалыптастыру кезінде Қаржы министрлігіне салық төлеушілер қолданған салық жеңілдіктерінің көлемі туралы мәліметтер беруді ұсынды.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша аумақтылығына қарай белгілі бір шектеулер белгіленбейтін болды. Мәселен, жылу электр орталықтарынан қалаға дейін жылу магистралін салу кезінде. Осыған байланысты «шегінде орналасқан» деген сөздерді алып тастау қарастырылған.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Су тасқынының салдарымен күресу және жойқын су тасқыны жағдайында міндеттерді жедел шешу мақсатымен республикалық бюджет шығыстарында су қоймаларын, каналдар мен гидротехникалық нысандарды дамытуға мемлекеттік кепілдікпен тартылған қарыздар бойынша шығыстарды субсидиялауды көздеу ұсынылады. Осыған орай сенаторлар Су кодексі шеңберінде уәкілетті органның құзыретін аталған бағыттар бойынша жобаларды іске асыру үшін субсидиялау және бюджеттен субсидиялар төлеу қағидаларын әзірлеу әрі бекіту құқығымен толықтыруды ұсынды.

Суретті түсірген: Н.Байбулин

Талқылау нәтижесінде сенаторлар осы және басқа да түзетулер енгізіп, екі заңды да Парламент Мәжілісіне қайтарды. Қаралған заңдарға қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіндегі үрдістер, сондай-ақ, фискалдық саясат саласындағы проблемалар елдің бюджеттік үлгісін қайта қарау қажет екеніне дәлел болғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатымен бюджет саласын түбегейлі реформалауды көздейтін жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Бұл Кодекс бюджет саясатының тиімділігін, бюджет үдерісінің ашықтығын және оған қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Жаңа Кодекс аясында өңірлерді теңгерімді дамыту үшін бюджетаралық қатынастар қайта қаралды. Заңдарды қарау кезінде Сенат депутаттары бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ететін тетіктер мен басқа да бағыттар бойынша түзетулер ұсынды. Жалпы, жаңа Бюджет кодексінің қабылдануы атқарушы және заң шығарушы биліктердің Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жолындағы өзара тығыз әрі тиімді жұмысының нәтижесі екені сөзсіз. Қаралған заңдар мемлекеттің фискалды саясатын тиімді іске асыруға және еліміздің стратегиялық құжаттарында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз»  Мәулен Әшімбаев 

Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Закиржан Кузиев ауыл шаруашылығын толыққанды дамыту үшін аграрлық кластерлер құрудың маңызы зор деп есептейді. Осыған байланысты депутат саланы және аграрлық стартаптарды қолдау мақсатымен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының базасында бірыңғай оқыту орталығын құруды ұсынды.

Бибігүл Аққожина жұмысшы мамандықтарды игеріп шыққан түлектер үшін міндетті өндірістік тағылымдаманы бекітудің маңызды екенін айтты.

Жанболат Жөргенбаев елдің транзиттік әлеуетін нығайтуды көздейтін шараларға тоқталды. Сенатор өз сауалында туристер ағынын ұлғайтуға, шекаралас өңірлердің экономикалық дамуын ынталандыруға және «Қалжат» , «Нарынқол», «Қарқара» бекеттерінде жаңа өткізу пункттерін ашып, сауда-логистикалық орталықтар құру арқылы инвестициялар тартуға болатынын айтты.

Серік Шайдаров Ұлытау облысындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қосымша қаражат бөлу және Ұлытау салық органдарында жалға алынған жерлерде жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаларды қайта тіркеу мүмкіндігін қарастыру мәселесіне назар аударды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -