Харбинде өтетін IX қысқы Азия ойындары аясында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин Цзиси қаласы (Хэйлунцзян провинциясы) комитетінің тұрақты мүшесі, қала әкімінің орынбасары Ли Фушэнмен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ресми іс-шара барысында спорт және туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Комитет төрағасы қазақстандық және Қытай спортшыларының халықаралық жарыстарға үнемі белсенді қатысатынын атап өтті. 2024 жылы қазақстандық спортшылар Қытай аумағында 31 турнирге қатысса, қытайлық атлеттер Қазақстанда 15 жарыста өнер көрсетті.
«Қазақстан мен Қытай спорттық байланыстарын тығыз ұстап, оны одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Біздің спортшылар ірі жарыстарға қатысып, тәжірибе алмасады. Бұл екі елдегі кәсіби спорттың дамуына ықпал етеді. Қазақстан құрамасы Харбиндегі қысқы Азия ойындарында алты спорт түрі мен он дисциплинада бақ сынайды» Руслан Есеналин
Кездесу барысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылды. 2024 жылы Қазақстан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізді. Ол жерде қытайлық құрама да дәстүрлі спорт түрлеріне зор қызығушылық танытып, 12 сайыс түрінен 1 алтын және 5 қола медаль жеңіп алды.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де басты талқылау тақырыптарының бірі болды. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып жарияланып, оның аясында көрмелер, road show және қытайлық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турлары ұйымдастырылды. Бұл шаралар туристік ағынның айтарлықтай артуына ықпал етті. Жыл қорытындысы бойынша, Қазақстанға 650 мыңнан астам қытайлық турист келді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, үш есе көп.
«Визасыз режим мен әуе қатынастарының кеңеюі туристік алмасулар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан саяхаттаушыларға табиғатты, мәдениетті және тарихты біріктіретін бірегей туристік бағыттарды ұсынады. Біз туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз» Руслан Есеналин
Ли Фушэн бұл саладағы екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
«Цзиси қаласы қысқы туризм үшін үлкен әлеуетке ие және мұзды-қарлы спорт түрлерінің инфрақұрылымын белсенді түрде дамытып келеді. Біз Қазақстан аймақтарымен, әсіресе Көкшетау қаласымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз және спорт пен туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз» Ли Фушэн
Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаларды белсенді түрде атқаруға және спорт пен туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниет білдірді.