Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов Қазақстанның сүт саласының жетекші кәсіпорындарының бірі - Петропавл қаласындағы Eurasian Milk кәсіпорнынына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы зауыттың жұмыс істеп тұрған өндірістік учаскелерінің жұмысымен және ауқымды даму жобасының іске асырылуымен танысты. Облыс әкімі кәсіпорынның жоғары өндірістік әлеуетін, сондай-ақ компанияның өңірдің және бүкіл елдің азық-түлік өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа өндірістік және қосалқы корпустардың құрылыс алаңдарымен, сондай-ақ құрылыстың аралық кезеңінде жұмыс жасап жатқан ірімшік, сары май және ашымалы сүт өнімдерінің өндірісімен танысты. Кездесу барысында «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры Андрей Гриценко өңір басшысына сүт саласының өзекті мәселелері туралы айтып, жан-жақты әңгімелесті.
Eurasian Milk зауыты тарихы 1928 жылы басталған сүт кәсіпорны негізінде жұмыс жасайды. Жүргізіліп жатқан жаңғырту, ал шын мәнінде - жаңа құрылыс және толық техникалық қайта жарақтандыру оны Қазақстандағы техникалық жағынан жетілдірілген және өнімді құрылыстардың біріне айналдырды. Кәсіпорында сүтті қабылдау және өңдеу германиялық өндіріс желісінде жүзеге асырылады, сары май швейцариялық жабдықта, ірімшіктер австриялық жабдықта жасалынады. Италияда сатып алынған бөлек жабдықта жұмсақ ірімшік - моцарелла жасалынады. Қойытылған сүттің өндірістік желісін және ашымалы сүт өнімдерін асептикалық қаптаудың жоғары технологиялық желісін монтаждауға дайындық жүргізілуде, желілерді германдық және итальяндық компаниялар әзірлеген. Сүтті қайта өңдеудің неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізу мақсатында Австрияның инженерлері әзірлеген сарысуды наносүзгілеу бойынша жабдықты орнату жоспарлануда.
Технологиядан басқа, неміс, бельгиялық және американдық жабдықтарды қолдана отырып, зауытты энергиямен қамтамасыз ету ең жоғары деңгейде жүзеге асырылады. 5000 шаршы метр жаңа өндірістік корпус, 1000 шаршы метр қосымша технологиялық жабдықтары бар цех және 1200 шаршы метр бу-қазандық цехының құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимараттар мен технологиялық жабдықтар 2025 жылдың күзіне дейін іске қосылатын болады.
Тек бірінші кезеңнің жалпы инвестициялары бүгінгі күні 50 млн доллардан асады, ал алдағы алты айда капиталдандыру көлемі 70 млн доллардан асады. Инвестициялық жобаның жалпы сомасы шамамен 120 млн долларға жетеді. Жұмыс орындарының саны өсуде, өндірісті кәсіби ұйымдастыру үшін үздік шетелдік сарапшылар тартылуда. Кәсіпорынның қуаттылығы осы кезеңде тәулігіне 150 тоннаға дейін сүтті қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. 6 ай ішінде қабылдау тәулігіне 300 тоннаға дейін немесе жылына 100 мың тоннадан асады. Жоғары қайта өңделген дайын өнім өндірісінің есептік көлемі жылына 45 мың тоннадан асады.
Қазіргі уақытта кәсіпорындарда сүт және ашымалы сүт өнімдерінің ассортименті өндіріледі. Дегенмен, зауыт сары май мен ірімшік сияқты сүтті терең қайта өңдейтін өнімдерге көбірек көңіл бөледі. Нарықтың осы сегменттерінде Eurasian Milk зауытының өнімдері сапасы мен дәмі жағынан бәсекелестердің өнімдерінен едәуір асып түседі.
Кәсіпорынның жоспарында - қатты және жартылай қатты ірімшіктер, қойытылған сүт, қаймақ, сүзбе сияқты жаңа өнім түрлерін шығару. Алайда, инвестицияларды ұлғайту бойынша жоспарлар құра отырып, өнімнің сапасын арттыру және ассортиментін кеңейту бойынша жұмыс жасай отырып, зауыт саланың маңызды мәселелеріне тап болады: шикізат сапасының нашарлығы, өндірушілері Қазақстан нарығында үстемдік ететін елдермен салыстырғанда шикізаттың көтеріңкі құны, мемлекет тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі, импортпен жосықсыз бәсекелестік.
Әкіммен кездесуде Eurasian Milk зауытының басшысы А.Гриценко кәсіпорын мен жалпы елдің сүт саласы тап болатын мәселелер туралы айтты.
Кәсіпорын басшысы түсіндіргендей, импорттық сүт өнімдерінің Қазақстанда отандық сүт өнімдеріне қарағанда арзанырақ болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, шетелдік бәсекелестерде дамыған азық-түлік өнеркәсібі бар, оның негізі кеңес дәуірінде қаланған: заманауи фермерлік шаруашылықтан, арзанырақ жепшөп қорынан бастап, селекцияға және қуатты қайта өңдеу кәсіпорындарына дейін. Нәтижесінде Қазақстанда шикі сүттің құны көршілерге қарағанда орта есеппен 20%-ға жоғары.
Екіншіден, бұл елдердің өңдеушілері ірі мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдікті несиелер, соның ішінде өндіріс құрылысын мемлекеттік қолдау және экспортқа шығу арқылы қол жетімді қаржыландыруға ие. Бұл шаралар көрші елдерге ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа белсенді шығуға мүмкіндік береді.
«Біздің компанияның мысалында айта аламын: біз аса қиын жағдайда жаңа зауыт салуға 50 миллион доллардан астам қаражат салдық, ал субсидиялар түрінде 1 миллионнан сәл астам қаражат алуымыз керек» Андрей Гриценко
Мемлекеттік субсидиялармен байланысты тағы бір мәселе – тұрақсыз төлемдер. Eurasian Milk кәсіпорны соңғы субсидияларды 2023 жылы қарашада алған, ал ағымдағы сәтте жалпы берешегі 2 млрд теңгеден астам, оның ішінде шамамен 1,5 млрд теңгесі сүтке берілетін субсидиялар бойынша берешекті және 500 млн теңгеден астамы - несиелеуге арналған субсидиялар бойынша берешекті құрайды.
Несиелер бойынша тым жоғары мөлшерлеме бизнесті дамытуға мүмкіндік бермейді және барлық пайданы қаржы секторы алады, және мұндай жағдай мемлекет үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді болуы екіталай. Сала ойыншылары атап өткендей, негізгі және айналым қаражаттарын сатып алу үшін несиелеу құны бәсекеге қабілетті деңгейде қалуы керек, ал ағымдағы несиелік мөлшерлемелер тым жоғары (20% және одан жоғары). Мемлекеттік бюджеттен субсидиялаудан гөрі басым салалар үшін бәсекелестік (ресейлік және беларусьтік банктермен) мөлшерлемені белгілеген дұрыс, деп санайды қайта өңдеушілер.
«Сапалы сүт өндіру көлемінің жылдам өсуі мүмкін емес, сәйкесінше зауытты пайдалануға берілгеннен кейін бірден бар қуатқа жүктеу мүмкін емес. Фермерлер қайта өңдеу зауытының өндірісі іске қосылғаннан кейін ғана дами бастайды. Нарықтық емес несие мөлшерлемелері субсидиялаудың болмауымен бірге өндірістің қалыптасуының осы маңызды кезеңінде зауыттың экономикалық шығындарын жаһандық деңгейде арттырады» Андрей Гриценко
Азық-түлік өнімінің сапасы үшін шикізаттың сапасы негіз болып табылады. Қазақстанда да осыған байланысты үлкен мәселелер бар. Кәсіпорын мамандары келіп түсетін шикізатқа талдау жүргізе отырып, сүт-тауар фермаларынан алынған шикі сүттің 70%-ға дейін микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмейтінін айтады. Бұл тек шағын фермаларда ғана емес, тіпті ірі фермаларда да сүттің сапасы өте төмен, деп қынжылды Eurasian Мilk директоры. Сүттің жоғары өзіндік құнымен бірге бұл қазақстандық өңдеушілерді шетелдік бәсекелестерге қатысты қолайсыз жағдайға тап қылады.
Мұның бірнеше себептері бар, соның ішінде жемшөп сапасының төмендігі. Шаруашылықтардың басым көпшілігінде жануарлар сүт өнеркәсібінің көшбасшылары болып табылатын елдердегідей үйлестірілген азық тұтынбайды - мұны шетелдік мамандардың бірнеше рет жүргізген аудиттерінің деректері дәлелдейді.
«Жемшөп қорының қосымша санитарлық көрсеткіші – сүтте зиянды майқышқылды бактериялардың болуы және олардың жалғыз көзі - сапасыз сүрлем. Фермерлерге ауыспалы егісті әзірлеуге, жемшөп дақылдарының тұқымын іріктеуге, аудандастыруға және жемшөп дайындау үшін арнайы техниканы жеткізуге көмек қажет. Фермалар әсіресе егіншіліктің тиімділігін жақсартуды аса қажет етеді, себебі бұл жемнің сапасы мен жеткіліктілігіне, олардың өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Сапалы және бәсекеге қабілетті сүт болмаса, сала дамымайды» Андрей Гриценко
Сүтті мал шаруашылығының тиімділігіне әсер ететін маңызды фактор - үйлестірілген мал азығының болуы. Солтүстік Қазақстанның ызғарлы климаты мен салыстырмалы түрде қысқа вегетативтік кезеңінде өсімдік азығының қажетті мөлшерін өндіру өте қиын. Бұл мәселені шешу, кәсіпорын мүшелерінің ойынша, жемшөп дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында суару технологияларын белсенді енгізу саласында жатыр. Заманауи суару жүйелері тиімділікті бір гектардан 300%-ға арттыруға мүмкіндік береді, бұл алынған жемшөптің өзіндік құнына айтарлықтай әсер етеді, оның шикі сүттің өзіндік құнындағы үлесі 70%-ға жетеді. Шаруашылықтар үшін су көздерінің қолжетімділігі бойынша мәселелерді шешу керек, осындай жобаларды іске асыру бойынша жол карталарын әзірлеу және енгізу қажет.
Сүт өңдеушілер мал басының сапасын қатаң мемлекеттік бақылау өте қажет екеніне сенімді. Алғашқы кезеңдерде бұл үшін фермерлерді, зоотехниктерді, ветеринарларды, агрономдарды оқытуға көмектесетін тәуелсіз еуропалық институттарды тартуға болады.
«Қазақстандық мал өсірушілер Еуропадан мал басын сатып алуды жөн көреді, субсидиялау бағдарламалары да еуропалық нарыққа бағытталған, сондықтан тұқымды тікелей дамытатындардың ұсыныстарына сәйкес жануарларға қамқорлық жасау керек» Андрей Гриценко
Сонымен қатар, инвестициялық субсидиялау жануарлардың денсаулығы, мал басының көбеюі, өнімділігі, табынды басқаруды бақылау бойынша жақсы көрсеткіштері бар фермаларға ғана берілуі тиіс, деп есептейді.
Кездесу соңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов Eurasian Milk кәсіпорнының басшылығына саланың проблемалары мен перспективалары туралы жан-жақты әңгімелескені үшін алғыс айтты. Мемлекеттік қолдау және ұлттық экономиканы дамыту саласына жауапты бейінді ведомстволардың мамандарын тарта отырып, қарым-қатынасты жалғастыру туралы шешім қабылданды.