Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде (ҚАӘ) Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсету, багажды және жүктерді өңдеу мәселелері бойынша қорытынды кеңес өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің, ҚАӘ, еліміздің әуежайлары мен әуекомпанияларының өкілдері қатысты. Қызмет көрсету сапасын арттыруға және жолаушылардың құқықтарын сақтауға бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістер енгізу мәселелері, 2024 жылы жолаушыларға, багажға және жүктерге жерүсті қызмет көрсету бойынша ҚАӘ тексерулерінің қорытындылары, сондай-ақ 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Сондай-ақ, әуежайлар тарапынан 2024 жылға арналған формальдылықты жеңілдету желісі бойынша кеңестердің жаңартылған бағдарламалары мен қорытынды хаттамаларын ұсынуды қоса алғанда, формальдылықты жеңілдету бөлігінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тексерулер жүргізу жөніндегі ИКАО әмбебап бағдарламасы бойынша алдағы аудитке дайындық мәселесі көтерілді.
"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ, "Қорқыт Ата Әуежайы" АҚ, "Шымкент әуежайы" АҚ өкілдерінің Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларындағы жаңа жолаушылар терминалдарының жұмыс тиімділігі туралы баяндамалары айтылды.
Өткен жылы отандық әуекомпаниялар 14,3 млн жолаушыны тасымалдады (2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға көп). Қазақстан әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 29,7 млн адамды құрады (2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға көп). Өсіп келе жатқан жолаушылар ағыны аясында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, жолаушыларды тасымалдау технологиялық процестерді үнемі жетілдіруді, инфрақұрылымды жарамды күйде ұстауды және жаңартуды, сондай-ақ жолаушыларға багажды және жүктерді өңдеуде қызмет көрсетуге тартылған қызметкерлерді тұрақты оқытуды талап етеді.
Осыған байланысты ҚАӘ өкілдері жолаушыларға қызмет көрсету, багажды және жүктерді өңдеу саласындағы жердегі қызмет көрсетуді бақылау шеңберінде тексеру кезінде авиация инспекторлары анықтаған бұзушылықтардың негізгі түрлерін айтып берді.
Жиында "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ бірінші басшысы Меруерт Жолдыбаева жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған Ақтау әуежайындағы "BEST AIRPORT SERVICE" пилоттық жобасының нәтижелерін ұсынды. Ақтау әуежайы басқа әуежайларды жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жобаға қосылуға шақырды.
ҚР Азаматтық авиация қызметкерлері күніне орайластырылған кеңестің соңында ҚР әуежайлары мен әуекомпанияларының жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қызметінің ерекше көзге түскен қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Авиация саласын дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін, сондай-ақ іске берілгендігі үшін оларға ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры атынан Алғыс хаттар табыс етілді.