Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Германия іскер топтарының қатысуымен Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі қарқынды дамып келе жатқан жағдайы және даму перспективалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ еліміздің Германия және жалпы Еуропалық одақ үшін стратегиялық маңызды табиғи ресурстар мен шикізат қорының өзара ынтымақтастықты кеңейтуге беретін мол мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Екі ел арасындағы байланыстарды нығайту жолында неміс компанияларымен тиімді серіктестік орнату маңызды екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ ресми өкілі Сәкен Олжабаев, «Нessen Trade & Invest GmbH» атқарушы директоры Райнер Вальдшмидт, Гессен жерінің Экономика министрлігінің ресми өкілі Фридрих Ханиш және Майндағы Франкфурт қ. Сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы директоры Юрген Ратцингер сөз сөйледі.
Сонымен қатар Саар федералдық жері мен Лимбург және Ханау қалаларының сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері пікір білдірді. «Erbacher + Kolb GmbH», «DF Deutsche Forfait AG», «Be-Grow GmbH», «KfW KfW Bankengruppe», «Julius Berger International GmbH», «MOBA Mobile Automation AG», «ODDO BHF», «Samga Invest» компанияларымен B2B форматында кездесулер ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында «Kazakhstan: Born Bold» атты жаңа медиакампаниясы таныстырылды.