ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) Қазақстан актуарийлерін даярлаудың ең төмен міндетті бағдарламасы шеңберінде skills.enbek.kz онлайн-платформасында актуарлық курстардың басталғаны туралы хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жобаны Агенттіктің қолдауымен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры іске асырды.
Мамандандырылған курстар қаржылық тәуекелдерді талдай және басқара алатын кәсіби мамандарды қалыптастыруға арналған. Қатысушылар негізгі пәндерді, соның ішінде сақтандыру, зейнетақы және инвестициялық бағдарламаларды, сондай-ақ математикалық және статистикалық әдістерді қолдана отырып қаржылық талдауды меңгереді.
Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева пайдаланушыларға актуарлық емтихандарға дайындалуға және қажетті дағдыларды дамытуға, сондай-ақ актуарийдің кәсіби лицензиясын алуға көмектесетін платформаның артықшылықтарын атап өтті.
Бірінші актуарлық курс тегін ұсынылатын болады, екінші курсты жүктеу ақпан айына жоспарланған. Жыл бойы барлық 10 курсты қосу арқылы бағдарламаны кеңейту жоспарлануда. Оқыту барлық ниет білдірушілер үшін ашық. Бұл ресурс актуарлық және қаржы салаларында өз білімдерін тереңдетуге ұмтылатын мамандардың кең ауқымына бағдарланған.
Жалпы алғанда, бүгінгі күні актуарийлерді оқытумен Қазақстан актуарийлер қоғамы және Нархоз Университеті айналысады. Цифрландыру жағдайында онлайн-платформаны іске қосу икемді және қолжетімді оқыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қашықтан оқыту жүйесі оқу материалдарына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді, бұл жұмыс істейтін мамандар үшін оқыту процесін айтарлықтай жеңілдетеді.
Теорияны практикалық қолдануға баса назар аудару білім алушыларға өз білімдерін тереңдетіп қана қоймай, сертификаттау емтихандарына тиімді дайындалуға мүмкіндік береді. Қазақстанның лицензияланған актуарийлері және Агенттіктің маман-актуарийлері дәріскерлер болып табылады.
Курстар циклы сақтандыру нарығы мамандарының да, тұтастай алғанда қаржылық талдау және тәуекелдерді басқару саласы мамандарының да біліктілігін арттырудың маңызды құралы болады.