15 ақпан Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күніне орай Шымкент қалалық кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ауған тауларының жаңғырығы» атты патриоттық-тарихи кеш өтті. Аталған кешке ауған соғысының ардагерлері мен 6698 әскери бөлімінің жауынгерлер қонақ ретінде қатысты.
1979-1989 жылдар аралығында қаншама адамның өмірін жалмап, қайғы-қасірет әкелген нәубеттің бірі – осы Ауған соғысы болатын.
Ауғанстан жерінде кім үшін, не мақсатпен болып жатқаны белгісіз сұрқия соғыста еліміздің азаматтары әскерде берген антына адалдық танытып, соңына дейін арпалысты. Қазақстаннан 22 269 отандасымыз қатысты. Олардың 920-сы майдан даласында қаза болса, 21 сарбаз із-түзсіз жоғалып, 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралды.
10 жылдан аса уақытқа созылған қасіретті жылдардың қайғысы мен мұңы қыл тағдыры қыршынынан қиылған талай жастардың жақындарының ғана емес, сол майданда болған ардагер ағаларымыздың да жүрегінен өшпегені рас.
Жастармен кездесуге келіп, отты жылдарды еске алған ардагерлер өзге елдің өр тауларының бөктерінде ерлікпен қаза тапқан қарулас достарын еске алып, көз жастарына ерік берді. Іс-шара барысында жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, жігері мұқалмаған ардагерлер жауынгерлер елге, Отанға адал болып, қалтқысыз қызмет етудің маңыздылығы мен қасиетті борыш екендігін терең түсіндірді. Ауған соғысы туралы деректі фильм көрсетілді. Ал сарбаздарымыз әсерлі сұхбат үшін интернационалист жауынгер ағаларымызға алғыс білдіріп, әндерін арнады.
Тарихымыздың шежірелі беттерінде қалған талай соғыстың бәрінде қаншама қаһармандық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен тұлғаларымыз бар. Олардың ерлігін егемен елде еркін өсіп келе жатқан жастарға насихаттап, ардагерлерімізді ардақ тұту асыл парызымыз екені даусыз.
Капитан Шынжігітова Малика 6698 әскери бөлімі