Қарағандыда Қаржы орталығы мен Indigo порталының өкілдері ваучерлік қаржыландырудың жаңа жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіре отырып, балабақшалардың басшыларымен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ол мемлекеттік тапсырысты бөлу және мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ бәсекелестік үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Қаржы орталығы» АҚ бюджеттік қаржыландыру департаментінің директоры Еламан Ильяс бұрын балабақша орнына кезек болса, енді ваучер алуға кезек болатынын түсіндірді. Ата-ана мектепке дейінгі мекемені таңдайды, содан кейін қаржыландыру жүргізіледі.
Әзірге директорлардың сұрақтары көп, алайда бағдарлама операторлары болашақта өзінің оң нәтижелерін көрсететініне сенімді.
Жаңа жүйенің артықшылықтарының бірі – енді ата-аналар лайықты балабақшаны өз бетінше таңдап, қажет болған жағдайда оны кезекке қоймай-ақ ауыстыра алады. Бұрын мемлекеттік тапсырыс нақты балабақшаларға бекітіліп, бөлінген орындар саны білім бөлімінің шешіміне байланысты болатын.
– Қолданыстағы жүйеде ата-аналардың бір балабақшадан екіншісіне еркін көшуіне мүмкіндігі болмады. Енді бұл процесс жеңілдетілді, себебі ваучер мемлекеттік тапсырыс болып табылады, ол нақты балаға бекітіледі және бас тарту немесе жою сәтіне дейін іске асырылады, – деп түсіндірді Еламан Ильяс. – Бала қайда барса, қаржыландыру да сонда жіберіледі.
Енді белгіленген нормаларға сәйкес келетін кез келген аккредиттелген балабақша мемлекеттік қаржыландыруға оның қуаттылығы қаншалықты мүмкіндік берсе, сонша баланы қабылдай алады.
Ваучерді қаржыландыру бала балабақшаға нақты келген кезде жүзеге асырылады және ай сайынғы табельмен, оның ішінде ата-аналармен расталады. Сондай-ақ ваучер балақай ауырып қалса немесе ата-анасының демалысқа өтініші болған кезде сақталады. Алайда, егер бала дәлелсіз себептермен жылына 40 күннен астам уақыт бақшаға бармаса, қаржыландыру қайта қаралуы мүмкін.
Ваучерлерді алу үшін ата-аналар ақпараттық жүйе арқылы өтініш береді және 21 санатқа бөлінеді, олардың әрқайсысының өз кезегі бар. Жылына бір рет тізімдер өзектендіріледі. Егер ваучерді алғаннан кейін екі күн ішінде ата-аналар балабақшаға бару ниетін растаса, онда бес жұмыс күні ішінде барлық құжаттарды жинап, мекемемен шарт жасасу қажет. Қалаған балабақшада орын болмаған жағдайда уақытша нұсқаны таңдап, өтінімді күту парағында қалдыруға болады.
Ваучерлік қаржыландыру жобасы қазірдің өзінде Тараз, Шымкент, Орал және Түркістан қалаларында жұмыс істейді. Қаңтар айынан бастап ол Астанада жұмыс істей бастады. Тетікті апробациялау жүріп жатқанда, бағдарламаны жасаушылар барлық ұсыныстарды ескеріп, ата-аналарға да, мектепке дейінгі мекемелерге де барынша ыңғайлы әрі тиімді ету үшін жүйені жетілдіруді жалғастыруда.