Қазақстанда төтенше жағдайларды бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі талдау жүйесі белсенді енгізілуде

1254
Фотосурет: Gov

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Онда ТЖМ және өңірлердің басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілген. Өрт қауіпті жағдайды бақылау мақсатында барлық өңірлерде бейнебақылау камералары іске қосылған.

«Еліміздің барлық аймақтарында өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу және оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынып, 196 объекті қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Төтенше жағдайлар кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы және Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылатын болады. Қосымша қаржыландыруды талап етпестен, бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуын айтарлықтай жетілдіріп жатырмыз. Барлығы 800 бірліктен астам техника мен 20 мыңнан астам жабдық сатып алынып, аудандық бөлімшелерге берілді», — деді ол

Оның айтуынша, министрліктің маңызды бағытты – ауылдағы құтқару қызметін дамыту. Биыл жергілікті атқарушы органдардың және бизнес қауымдастықтың қолдауымен «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы өз жұмысын бастаған. Соның аясында жыл басынан бері 82 өрт сөндіру пункті ашылыпты. Жыл аяқталғанға дейін тағы 67-сін ашу жоспарланып отыр. Министрліктің тарапынан оларға техника, киім-кешек пен байланыс құралдары беріліп, оқыту курстары ұйымдастырылды. Бүгінде шалғай ауылдарда министрліктің негізгі бөлімшелері келгенге дейін өртті жоюға көмек көрсететін мыңдаған еріктілер жұмыс тобы істейді. Мемлекет басшысы жоғары бағалаған олардың белсенділігі мен жергілікті жерлерде әрекет етуге дайындығының арқасында ауыл тұрғындарының қорғалу деңгейі күшейтілді.

«Өткен жылмен салыстырғанда, «Ауыл құтқарушыларының» атқарған жұмыстарының арқасында ауылдық жерлердегі өрт саны
25%-ға, адам өлімі 38%-ға азайды. Бұл тәжірибені жалғастыратын боламыз. Еліміз бойынша 6179 ауыл болса, осы жылдың соңына дейін «Ауыл құтқарушылары» деполарының санын 150-ге көбейтеміз. Ал келесі жылы 700-ге дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар», — деді министр

Жылыту маусымы басталғаннан бері еліміздің тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының 17,5%-ке азайғаны байқалады. Дегенмен, өрт қаупі сақталып отыр. Өрттің негізгі себептері – жылыту құралдарының жұмыс істемеуі, пешті пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ азаматтардың салғырттығы. Төтеншеліктер жылу беру маусымы басталар алдында тұрғын үйлерді аралап қарау арқылы жылыту жүйелерін, пештер мен түтін мұржаларын тексеру жұмыстарын жүргізген. Халықтың әлеуметтік осал топтарына айрықша назар аударылып, оларға қажетті қолдау көрсетілуде.

«Өңірлерде газ баллон жарылу оқиғаларының орын алатынын айта кеткен жөн. Биыл қызметкерлер өрт орнынан шамамен 1,5 мың газ баллонын шығарып, адам өліміне жол бермеді. Былтыр ескірген тұрмыстық газ баллондарын пайдалану мен оларды таңбалау мәселесін көтерген болатынмын. Қазір екі қалада оларды қолданылуды бақылаудың бірыңғай есебін жүргізуге мүмкіндік беретін газ баллондарды таңбалау жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Алайда, қазақстандық газ баллондар өндіру және тозығы жеткендерін жою мәселелері шешілмеген күйінде қалып отыр. Осыған байланысты, әкімдіктердің жанындағы тұрғын үй комиссиялары газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуі қажет. Жылыту маусымының айрықша бақылауымызда тұрғанын атап өткім келді, министрліктің бөлімшелері жоғарыда айтылған іс-шараларды жалғастыратын болады», — деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -