Ғылыми-академиялық саладағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) мен Болгар ғылым академиясы (БҒА) арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын талқылау мақсатында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев БҒА басшысы Евелина Славчевамен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өткен мазмұнды сұхбат барысында қазақ дипломаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі ғылым саласын дамыту бойынша алға қойған міндеттері аясында ҰҒА-ның ағымдағы қызметі туралы болгар академигін хабардар етті, сондай-ақ осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Kazakhstan: Born Bold» жаһандық ақпараттық кампаниясы және алдағы Астана халықаралық форумының (AIF 2025) рөлі мен мәні туралы айтып, осы форумға шақыруды табыс етті.
Өз кезегінде Е.Славчева ғылыми ведомстволар желісі бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге мүдделілігін білдіріп, жасыл энергетика, сутегі технологиялары және жасанды интеллект салаларындағы әріптестікті дамытуға қызығушылығын танытып, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға дайындығын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында сұхбаттастар барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жүргізуге келісті.
Болгар ғылым академиясы – ғылым мен инновацияны дамыту саясатын жүзеге асыратын Болгарияның жетекші ғылыми-сараптамалық орталығы. Академия 300-ге жуық ғалым жұмыс істейтін 42 автономды ғылыми бөлімшелерден тұрады.