Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-не қарасты «Жомарт» кенішінде тау жынысының опырылып түсуі салдарынан жеті кенші шахта ішінде қалып қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оқиға туралы хабар түскен бойда құтқару жұмыстары шұғыл түрде басталды. Апаттық-құтқару жұмыстарына «АСС Серіктес» ЖШС құтқару бөлімшелері, сондай-ақ Ұлытау облысы және Қарағанды облысы ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына кинологиялық топтар, Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары мен Төтенше жағдайлар медицина орталығының медициналық мамандары тартылды.
Құтқару операциясын үйлестіру мақсатында МЧС Қазастанның Командалық орталығы мен Ұлытау облысы ТЖД жанынан жедел штабтар құрылды. Оқиға орнында штабтардың іс-әрекеті бейнеконференц байланысы арқылы үйлестіріліп отырды. Төтенше жағдай орнына Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков, Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыров және ТЖМ Құтқару бөлімінің төраға орынбасары Кенгербай Есенов келді.
Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында алдымен алты кеншінің денесін тапты. Арнайы топ іздестіру жұмыстарын жалғастырып, біраз уақыттан кейін жетінші жұмысшының денесі табылды. Қазіргі таңда олардың кім екендігі анықталуда. Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Марқұмдардың туыстары мен оқиға жайлы ақпарат алғысы келетін азаматтарға арналған жедел байланыс желісі ұйымдастырылды. Қазіргі уақытқа дейін 8 (7172) 55-96-21 нөміріне 23 қоңырау түскен.
Осы қайғылы оқиғаның себептерін анықтау мақсатында арнайы тергеу басталды. Сарапшылар кен орнының құжаттарын, шахтаның жағдайын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын зерттеуде.
«Жомарт» кенішіндегі бұл оқиға Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінде жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті. Ресми органдар тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беретіндерін мәлімдеді.