Әлемде үлкен бір күштік құрылым бар, ол төтенше жағдайлар салдарын жою жүйесіндегі Азаматтық қорғаныс әскерлері. Олардың міндеті айтып келмейтін апаттарға қарсы тұру.
1 наурызда әлем бойынша Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні кеңінен аталып өтіледі. Біздің елімізде де бұл күн тарихи мереке, өйткені Азаматтық қорғаныс саласын қамтамасыз ететін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қашан да халықпен бірге!
Бұл мереке халықты түрлі қауіп-қатерден қорғауда жан аямай күресетін құтқарушылардың құрметіне аталған болатын. 1990 жылы 18 желтоқсанда Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы Бас Ассамблеясының 9 сессиясы өтті, сонда 1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Сол жылы Азаматтық қорғаныс ұйымының жарғысы қабылданды, оны 18 мемлекет қолдады. 1997 жылы «Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына Қазақстан Республикасын қосу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жаңа Заң қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 50-ден астам мемлекет мүшелік етеді, соның ішінде Қазақстан Республикасы да бар. Аталған заң аясында Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар саласында өзге мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізді. Дәстүрге айналған бұл мереке жыл сайын түрлі ұранмен өтеді. Биылғы мереке «Азаматтық қорғаныс - елді-мекендердің қауіпсіздігінің кепілі!» ұранымен бастау алды.
Бұл күн Төтенше жағдайлар министрлігінің даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі үшін де ерекше мереке. Өйткені жұртымызда айтып келмейтін апаттар атанып кеткен зілзала, өрт, су басу, алапат дүлей секілді табиғаттың тосын мінезінен туындаған табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға, қамсыз жатқан елді құтқаруға бір жұдырықтай жұмылатын, өзінің заңғар белесінде ғасырға жуық тарихы бар түрлі құтқару қызметтерін атқаратын әскери бөлімнің мемлекетіміздің күштік құрылымдар қатарында өзіндік орны бар.
Өткен 2024 жылы бөлім жеке құрамы республика көлеміндегі су басу ахуалынан туындаған төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысып, халық алғысына бөленді, сонымен қатар Алматы қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен зілзала кезіндегі іс-қимылдарын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп, жадынамалар таратты, Қонаев қаласындағы «Қапшағай» су қоймасының жағажайларында патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Табиғи апаттарға дайындықтарын пысықтау бойынша «Жер, Зілзала, Өрт, Көктем, Қыс, Қазқұтқару» және тағы да басқа оқу-жаттығуларға қатысты.
Күні бүгінде әскери бөлімнің құтқарушылары ұдайы жауынгерлік даярлықтарын пысықтауда, қазіргі уақытта бөлімнің жиынтық құтқару батальоны Жамбыл облысының елді-мекендерінде су басу қаупінің алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Халық арасында «бауыржандық құтқарушылар» атанып кеткен әскери бөлімнің құтқарушылары күн демей, түн демей, кез келген уақытта төтенше жағдай орнына бірінші болып жетіп, құтқару жұмыстарын жүргізуге әзір, өйткені олардың ұрандары «Халыққа қызмет - бізге міндет!» болып табылады.
Айдос Байшағыров,
Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі. Алматы облысы