2025 жылғы 21 ақпанда Астанада KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының және Біріккен Араб Әмірліктерінің Шахмат федерациясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл Азия аймағында және бүкіл әлемде шахматты дамытудағы екі ел арасындағы тығыз байланыстың тағы бір көрінісі болды.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында Парсы шығанағы аймағында аса бай мұнай қоры ашылды. Дегенмен, Британия протекторатына жататын Шарт жасасқан Оманның алты әмірлігі – Әбу-Даби, Аджман, Дубай, Умм-әл-Кайвайн, Фуджейра мен Шарджа 1971 жылдың желтоқсанында ғана тәуелсіздігін жариялап, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) деп аталатын федерация құрды. Кейінірек оларға жетінші әмірлік – Рас-әл-Хайма қосылды.
Сол жылдары мұнайдың және мұнай өнімдерінің бағасы күрт көтеріліп, соның салдарында Сауд Арабиясы бастаған Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) қатаң саясат ұстанған жағдайда жаңа мемлекет тез арада әлемдік экономика мен саясатта ықпалды күшке айналды. Ал мұнайдан түскен табыстың қаржы секторын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және ішкі туризмді дамытуға салынуы Біріккен Әмірліктердің әлемдегі ең өркендеген елдердің біріне айналуына жол ашты.
Соңғы рет Будапешт қаласында өткен шахмат Олимпиадасында БАӘ ерлер құрамасы 188 команданың арасында 103-ші, ал әйелдер құрамасы 169 команданың арасында 52-ші орынға ие болғаны да кездейсоқ емес.
БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзукидің елімізге сапары Қазақстанда шахматты бұқаралық спорт түріне айналдыру мақсатын көздейтін «Білім берудегі шахмат» жобасымен танысуға арналды.
21 ақпанда аса құрметті қонақ KazChess/ҚШФ офисінде болып, онда қазақстандық әріптестерінің жұмысымен танысты, одан кейін Астана мектептерінің бірінде «Білім берудегі шахмат» жобасының іс жүзіне асырылу барысын көрді. Оның бұл сапарының соңында KazChess/ҚШФ мен БАӘ Шахмат федерациясының арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанға өкілдік еткен «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова:
««Білім берудегі шахмат» бағдарламасы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға және Қазақстан мектептеріне шахматты енгізуге бағытталған. Қазірдің өзінде біз 600 мектепте бағдарламаны енгізіп, 800-ден астам мұғалімді оқыттық. Қазірдің өзінде елімізде 20 мыңнан астам бала мектепте шахмат үйреніп жүр. БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзуки мырзаның сапармен келуі біздің тәжірибеміздің халықаралық деңгейде мойындалғанын растады. БАӘ Шахмат федерациясымен Меморандумға қол қойылуы білім алмасуға және білім беру процесінде шахматты таратуға жаңа мүмкіндік туғызады»