Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «KASE клирингтік орталығы» АҚ, «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ өкілдерімен және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылармен Бағалы қағаздар нарығын қадағалау саясатының 2025 жылға арналған басымдықтарын талқылау бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бағалы қағаздар нарығы негізгі көрсеткіштердің тұрақтылығы мен өсуін сақтап отыр. 2024 жылы акциялар нарығын капиталдандыру 23%-ға, KASE индексі 33%-ға өсті, KASE сауда жүйесі 226 жаңа құралмен толықтырылды. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар таза пайданың 2 есе, инвесторлар шоттары санының 1,4 есе өскенін көрсетті.
Кездесу барысында іс-қимылды қадағалау бойынша сандық және сапалық көрсеткіштермен толықтырылған RASS жыл сайынғы бағалау нәтижелері талқыланды. Қадағалау қызметін цифрландыру шеңберінде деректерді жинау және қадағалап бағалау процестері автоматтандырылды. Бағалау нәтижелері бойынша тәуекел деңгейі жоғары бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар санының 30%-ға төмендеуі байқалады, бұл олардың жүйелік маңыздылығының төмендеуіне байланысты.
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар портфелінің 95%-ын қамти отырып, жүргізілген қадағалап стресс-тестілеу қорытындыларына ерекше назар аударылды. 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар портфеліндегі нарықтық тәуекелдің (VaR) 3,9%-дан 5,8%-ға дейін ұлғаюы байқалады. Бұл ретте бағалы қағаздар портфельдері сыртқы күйзелістерге төзімділік көрсетті, ал кәсіби қатысушылардың меншікті капиталының ағымдағы деңгейі жағымсыз оқиғалар болған жағдайда ықтимал шығындарды өтеу үшін жеткілікті.
Қадағалап стресс-тестілеу нәтижелері бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қаржылық орнықтылығын растайды, олар белгіленген нормативтерді бұзбайды.
Қадағалаудың тиімділігін арттыру мақсатында Агенттік капиталдың жеткіліктілігі коэффициентін және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың өтімділігін есептеудің жаңа тәсілін енгізді, сондай-ақ кәсіби қатысушылардың меншікті активтері бойынша инвестициялау лимиті белгіленді, аталған лимит 2025 жылы енгізілетін болады.
2025 жылы реттеу шараларын жетілдіру шеңберінде Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту және халықаралық тәжірибені ескере отырып, олардың тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау жөніндегі мәселелерді пысықтайды.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ қор нарығының инфрақұрылымын дамыту нәтижелерін талқылады. Бұл ретте, 2024 жылы сауда-клирингтік жүйелерді толық жаңғырту жүргізілгені атап өтілді. Клиринг және орталық контрагенттің функциялары жеке ұйымға – капиталы шамамен 19 млн долларды құрайтын KASE-нің клирингтік орталығына берілді, бұл орталық контрагенттің қызметтерін тек KASE құралдары бойынша ғана емес, сондай-ақ басқа биржалық және биржадан тыс нарықтар бойынша да көрсетуге мүмкіндік береді. 2024 жылы Thomas Murray британдық рейтингтік агенттігі Клирингтік орталыққа A+ рейтингін берді. Мұндай бағалауды әлемнің үздік 30 орталық контрагенті иеленген.
Өткен жылы Орталық депозитарийдің функционалы кеңейтілді. Бұдан былай Орталық депозитарий валюта айырбастау және жеке тұлғалардың шоттарын ашу жөніндегі қызметтерді қоса алғанда, депозитарлық және банктік қызметтердің толық аясы кіретін өңірлік есепке алу-есеп айырысу хабы болып табылады. 2024 жылы Орталық депозитарийдің базасында биржадан тыс ОТС алаңы құрылды.
Euroclear және Clearstream сияқты жаһандық кастодиандарға Қазақстанның ішкі нарығында мәмілелерді жүзеге асыруына мүмкіндік беру үшін банктердің делдал ретінде әрекет ету және Орталық депозитарийдегі есеп айырысу ұйымдарының шоттарын басқару құқығы белгіленген.
Биыл KASE Tabadul Hub цифрлық биржалық хабына қосылды. Бұл қазақстандық инвесторлардың хаб қатысушыларының нарықтарына, ал шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына тікелей (шетелдік контрагенттің қатысуынсыз) кіру мүмкіндіктерін кеңейтті.
2025 жылы Агенттік инфрақұрылымдық алаңдарды дамыту жұмысын жалғастырады. Атап айтқанда, Орталық депозитарийдің функционалын кастодиандық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктер беру және оны жаһандық кастодиан ретінде пайдалану арқылы кеңейту жоспарланып отыр. Орталық контрагентті Орталық Азия елдері үшін есеп айырысу-клирингтік құрылым ретінде пайдалану, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесін пысықтау күтілуде.
Сондай-ақ Агенттік басшысы 2025 жылы бағалы қағаздарды ішкі орналастыру үлесін ұлғайтуға, экономиканың жеке секторы компанияларының IPO-ға шығуын ынталандыруға айтарлықтай көңіл бөлінетінін атап өтті.
Агенттіктің 2025 жылға қойған басым міндеттерінің бірі «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» және «Инвестициялық қорлар туралы» Заңдардың жобаларын Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу болып табылады.
Агенттік Төрағасы токенделген бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін құқықтық базаны әзірлеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Құжатты дайындау шеңберінде заңнаманы реттеу мен жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау үшін нарыққа қатысушылармен тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
Қадағалау саясатын және бағалы қағаздар нарығын дамытудың негізгі бағыттарын талқылау барысында кәсіби қатысушылар және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қосымша ұсыныстар айтты.
Нарықпен талқылауды ескере отырып пысықталған Бағалы қағаздар нарығын қадағалау саясатының 2025 жылға арналған негізгі басымдықтары Агенттіктің ресми сайтында жарияланатын болады.