Қазақстан мен Иордания цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

1683
Фотосурет: Gov

Қазақстан халықаралық цифрлық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып, жаһандық әріптестерімен өзара іс-қимылды нығайтуда. Иорданияға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Digital Cooperation Organization (DCO) Бас ассамблеясына қатысып, Қазақстанның жаһандық цифрлық трансформацияға ұмтылысын растады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында Иордания, Пәкістан, Оман, Польша, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Кувейттің цифрлық даму министрлерімен жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Негізгі назар цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, IT-стартаптарды қолдауға және экономикалық өсім мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін озық технологияларды енгізуге аударылды.

Сапардың негізгі нәтижесі – Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасанды интеллект, электрондық үкімет, «ақылды қалалар» және стартап-экожүйені дамыту салаларындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың негізін қалады.

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Иорданияның цифрлық экономика және кәсіпкерлік министрі Сами Исса Ид Суммират арасындағы кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасуға және инновацияларды қолдау мен екі елдегі цифрлық трансформацияны дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Сонымен қатар, министр Мәдиев Иордания Премьер-министрімен келіссөздер жүргізіп, цифрлық серіктестіктің келешегі мен экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Иордания екіжақты серіктестікті белсенді дамытуға, технологиялық прогреске жағдай жасауға және экономикалық өсуді ынталандыратын цифрлық шешімдерді енгізуге дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстан цифрлық даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, инновацияларды ілгерілетуге және технологиялық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға адалдығын сақтайды. Сапар барысында қол жеткізілген келісімдер – екі елдің өзара байланысты әрі цифрлық болашағына жасалған маңызды қадам.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -