Күн ұясына батып, көкжиек қараңғылық құшағына енгенде, Ұлттық ұлан академиясында да бір күн аяқталғандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл жердегі өмір бір сәтке де тоқтаған емес. Академия аумағында сап түзеген жас курсанттар жауынгерлік қызметтің ең жауапты кезеңдерінің біріне қадам басады. Бұл – қарауыл қызметі.
Қарауыл – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Бұл жауынгерлік міндет курсанттарға қырағылық пен төзімділікті, тәртіп пен жауапкершілікті үйретеді. Әскери адамның басты қасиеттерінің бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілеті, ал қарауыл осы қабілеттің нағыз шыңдалу алаңы. Академия курсанттары бұл қызметке үлкен дайындықпен келеді.
Курсанттарды қарауыл қызметіне алдын ала дайындау – аса маңызды әрі жауапты процесс. Бұл қызметке түсетін сарбаздар қатаң іріктеуден өтеді. Бірінші кезекте, олардың психологиялық және физикалық дайындығы тексеріледі. Курсанттар арнайы медициналық тексерістен өтіп, төзімділік пен жылдам әрекет ету қабілеттерін дәлелдеуі керек. Қарауылға түсер алдында жеке құрам міндетті түрде психологиялық тест тапсырады. Бұл – олардың күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу қабілетін анықтау үшін қажет.
Сонымен қатар, курсанттарға әскери жарғылар мен қарауыл қызметінің талаптары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Қарауылдағы әрбір сарбаз тек өз орнын күзетіп қана қоймай, кез келген төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуді білуі тиіс. Ол үшін курсанттармен тұрақты түрде тактикалық және жауынгерлік дайындық сабақтары өткізіледі.
Қарауыл қызметіне дайындалған сарбаздар штаттық қарумен қамтамасыз етіліп, арнайы нұсқаулық сабақтарынан өтеді. Бұл сабақтар барысында оларға қаруды қолдану ережелері, төтенше жағдайлардағы әрекет ету алгоритмі, қарауыл құрамының міндеттері мен жауапкершілігі жан-жақты түсіндіріледі. Қарауыл бастығы, таратушы және жедел кезекші әрбір сарбазға жеке тапсырмалар беріп, олардың әскери қызметке толық дайындығын қадағалайды.
Қарауыл қызметінің маңыздылығына тоқталған 2-курс курсанты Ғалымұлы Ғаламат өз ойын былай жеткізді:
“Қарауыл – бұл жауынгердің шыңдалу мектебі. Ол біздің жауапкершілігімізді арттырып, қырағылық пен тәртіпке баулиды. Әскери өмірдің ең маңызды талаптарының бірі – кез келген уақытта тапсырылған міндетті бұлжытпай орындау. Біз қарауылға түскенде, өзімізге сеніп тапсырылған аумақтың қауіпсіздігі үшін толық жауап береміз. Қару – бұл аманат, ал оны ұстаған сарбаз әрдайым сергек болуы керек. Қарауылда біз тек тәртіпті сақтап қана қоймай, нағыз жауынгер болуға дайындалып, әскери қызметтің қыр-сырын меңгереміз.”
Қарауыл қызметіне кірісер алдында жаңа ауысым Академия бойынша жедел кезекшінің тексерісінен өтеді. Таралым кезінде жедел кезекші жаңа қарауыл жеке құрамының әскери дайындығын тексереді. Оларға нақты тапсырмалар беріліп, жауынгерлік міндеттер айқындалады.
Жаңа қарауыл жеке құрамы қарауылдық үй-жайға барып, ескі қарауылмен ауысым жүргізеді. Бұл рәсім әскери тәртіпке сай, бекітілген ережелерге сәйкес қатаң түрде жүзеге асады. Қызмет барысында қарауылдық бекеттерде тәуліктік үш ауысымдық қозғалыссыз күзет ұйымдастырылады. №2, №3, №4 бекеттердің сақшылары белгіленген мерзімде ауыстырылып отырады.
Қарауыл жеке құрамының негізгі міндеттері:
- Академия аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету;
- Қару-жарақ пен әскери мүлікті қорғау;
- Белгіленген аумақта тәртіп пен заңдылықты сақтау.
Қарауылдық бекетте тұрған курсант үшін әр минут маңызды. Оның міндеті – барлық әрекеттерін нұсқаулыққа сай орындап, күдікті жағдайларды қырағы бақылау. Әскери қызметте жауапкершіліктің маңызы жоғары, ал қарауыл – осы жауапкершіліктің ең жоғары дәрежеде көрінетін тұсы.
Қарауылдық қызмет сарбаздарды тәртіпке, жауапкершілікке және әскери өмірдің талаптарына толықтай бейімдейді. Мұнда әрбір жауынгер шынайы жауынгерлік жағдайға жақындатылған қызмет атқарады. Қарауылда тұру – бұл өзіңді, өзіңнің психологиялық төзімділігіңді және физикалық дайындығыңды сынаудың ең үлкен мүмкіндігі.
Академия курсанттары үшін қарауыл қызметі – болашақ әскери өмірлеріне жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл – олардың әскери кәсібилікке бастар жолы, нағыз офицер ретінде қалыптасуының негізі.
Күн-түн демей, қырағылықпен өз міндетін атқарып тұрған сарбаздың көзқарасында үлкен сенім мен жауапкершілік бар. Ол өз мойнындағы міндеттің маңыздылығын толық түсінеді. Өйткені қарауыл – бұл жай ғана күзет емес, бұл – әскери борыш, намыс пен абырой, тәртіп пен жауапкершілік мектебі.
Қарауылда тұрған сарбаз ешқашан ұйықтамайды, ол әрдайым сергек. Оның жүрегі Отанға деген адалдықпен соғады, ал оның еркі – темірдей берік. Міне, осы қасиеттер болашақ офицерлердің негізін қалаушы басты қағидалар болып саналады.
Қатарадағы Талапкер М.Е.