Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жұмысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа мүдделі адамдар қатысты.
Кеңесте өткен жылы мыңдаған қазақстандықтар кибералаяқтардан зардап шеккені айтылды.
Сенгіш азаматтарды алдау үшін заманауи IT-технологиялар мен психологиялық манипуляциялар кеңінен қолданылады.
Мәселен, телефон алаяқтары Алматы қаласында 82 жастағы зейнеткерді 67 млн теңгеге қатарынан 14 транзакция жасауға көндірген. Олар өздерін күштік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жәбірленушіге оның шоттары арқылы жасалған террористік шабуыл туралы хабарлаған.
Бұдан бөлек, қайтыс болған адамдарға және біздің елде ешқашан болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар беру фактілеріне жол берілуде, банктік шоттар ресімделіп, олар арқылы көптеген алаяқтық транзакциялар өтуде.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржылық ұйымдары биометриясыз 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған азаматқа микроқарыздар ресімдеген.
Интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл бойынша шетелдік тәжірибені ескере отырып, Парламентте депутаттар қаржылық ұйымдардың, байланыс операторларының және өздерінің банктік карталарын ұсыну арқылы алаяқтарға қызмет көрсететін «дроптар» деп аталатын адамдардың жауапкершілігін күшейту туралы түзетулерге бастамашылық жасады.
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан азаматтардың алаяқтар айласына түсуіне әкеп соққан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталды. Ұсталған адамдар бар.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында елімізге ешқашан келмеген Украина азаматына шот ашқан екінші деңгейдегі банкінің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергелуде. Осы тұлғаның шотына жәбірленушілер өздерінің жинаған қаражаттарын аударып отырған (залал 1 миллион теңге).
Қазіргі уақытта банк қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдікті болып танылды (ҚК-нің 250-бабы).
Билайн, Теле-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлері мен олардың дистрибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды: БҚО-2, Қарағанды мен Алматыда біреуден.
Олар алаяқтарға азаматтарды алдау үшін пайдаланылған мыңдаған сим-карталарды тіркеуге көмектескен.
2024 жылы жалған банк қызметкерлерінен, құқық қорғау және басқа органдардың қызметкерлерінен, байланыс операторлары мен жақын туыстардан келіп түскен 8 мыңнан астам қоңырау тіркелді.
Қаскүнемдердің көп жағдайда шет мемлекеттерден әрекет етуіне байланысты халықаралық ынтымақтастық күшейтілді.
Шетелдік әріптестердің қолдауымен Қазақстаннан тыс жерде біздің елдің азаматтарына қатысты әрекет жасаған 8 жалған колл-орталықтары жойылды.
Басқа да іс-шаралардық кешені қабылдануда.
Ұлттық Банктің жанында алаяқтық транзакцияларды бұғаттауға арналған Антифрод-орталығы іске қосылды. Ол жұмыс атқарған жарты жыл ішінде күдікті операциялар бойынша 1,5 млрд тенге бұғатталды.
Прокуратураның бастамасы бойынша әкімдіктердің қолдауымен киберқылмыскерлерді анықтауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарламалық кешендер алынды.
Бұл 2024 жылы 59 алаяқтық топты әшкерелеуге және банктік аударымдар мен жымқырылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін көрсеткен 128 азаматты қылмыстық жауаптылыққа тартуға септігін тигізді.
Тергеу органдары жәбірленушілерге келтірілген шығынды азаматтық сот тәртібінде «дроптардан» өндіріп алу жолын (АК-нің 953-бабы) түсіндіруге бағдарланған.
2024 жылы 800 талап арыз бойынша «дропперлерден» 1 млрд тенге өндіріп алынды.
Прокуратура жалған қоңырауларды дереу бұғаттау мақсатында киберполициямен, «Қазақтелеком» АҚ-мен және өзге байланыс операторларымен бірлесіп тиісті меморандум жасады.
Аталған жоба аясында 19 мыңнан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталып, интернет-алаяқтықта қолданылатын 100 «СИМ-бокс» құрылғылары анықталды, күдікті адамдар, оның ішінде шетел азаматтары ұстап алынды.
Тергеу барысында мыңнан астам жәбірленушілердің 1,5 млрд теңгеден аса несиелік берешектерін өндіріп алу уақытша тоқтатылды, сондай-ақ қаржы ұйымдары азаматтардың іс жүзінде қатысуынсыз ресімделген несиелер бойынша 100 миллион тенге көлеміндегі берешекті есептен шығарды.
Сондай-ақ, отырыста адамдарды, әсіресе жастарды басқа біреудің ақшасын жылыстату схемаларына тарту мәселелері талқыланды.
Қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді.