Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскер қатарында әскери қызметшілердің отбасы мүшелері де назардан тыс қалған емес, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы орайда Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлім басшылығы жеке құрамның отбасы мүшелерімен кездесті.
Аталмыш кездесу әскери қызметшілерді құқық бұзушылыққа итермелейтін факторлардан сақтау, оның алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Әскерилер арасында әр түрлі құқық бұзушылыққа жол бермеу және оның алдын алу үшін осындай жұмыстардың маңыздылығы зор.
Ұйымдастырылған шараға әскери бөлім командирі полковник Өміржан Сахатов, Орал гарнизонының аға прокуроры әділет капитаны Аслан Чакаев, Орал қаласы Полиция басқармасының отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторы полиция аға лейтенанты Эльмира Сарипова және “Батыс” өңірлік қолбасшылығының әскери полиция басқармасының офицері майор Валихан Хайруллин қатысты.
Шара барысында бөлім командирі полковник Өміржан Сахатов «Отбасы – тәрбиенің бастауы», ел келешегінің кемелдену жолында алар орны айрықша екендігіне тоқталды. Сол себепті де Отан қорғауды мамандық етіп, маңызды міндеті санайтын әскери қызметшілер үшін жанұядағы береке-бірлік, татулық пен сыйластықтың, отбасы мүшелерінің қолдауының маңызы зор деді.
Сонымен қатар, әскери бөлімнің қаржы қызметінің мамандары әскери қызметшілердің ақшалай үлесінің артуы, сыныптылық біліктілігіне қосымша үстемақы төленуі бойынша түсіндірме жүргізіп, жиынға қатысушылардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
Әскери қызметшілердің отбасымен кездесудің ең басты мақсаты – біріншіден, отбасы мүшелерімен байланыс орнату, екіншіден, тұрмыстағы проблемаларды анықтау, сондай-ақ, шешім қабылдау болып табылады Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік - құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Салимжанов
Кездесу барысында әскери қызметшілердің отбасы мүшелері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, қойылған сұрақтарға тұжырымды жауап алып тарқасты.