Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаидимен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл Оман сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы ресми келуі, ол түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға серпін беруге бағытталған.
Кездесу барысында министрлер саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Ерекше назар энергетика, көлік, логистика, қаржы және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларына аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Оманның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық әлеуетін ескере отырып, транзиттік дәліздерді дамыту маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда алғашқы отырысы ағымдағы жылдың екінші жартысында жоспарланған Қазақстан-Оман үкіметаралық комиссияның маңызды үйлестіруші рөлі аталды.
«Оман – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі. Елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктерге ие» Деп атап өтті М.Нұртілеу
Өз кезегінде Б.Әл-Бусаиди Астананың Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі ретіндегі рөлін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік бейілділігін растады және елдер арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Осы тұрғыда Оманның сауда-экономикалық өзара іс-қимыл әлеуетін іске асыру үшін Қазақстан мен көрші елдер үшін Тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі бастамасы аталып өтіп, қолдау тапты.
Министрлер экономикалық байланыстарды нығайту мәдени және адами алмасуды кеңейтуге мүмкіндік беретінімен келісті. Мәселен, өткен жылы Оманға келген қазақстандық азаматтардың саны 37%-ға өсіп, 21 мың адамға дейін жетті.
Осыған байланысты қазақ тарапы Оман Үкіметінің ҚР азаматтары үшін визасыз режимді 30 күнге дейін ұзарту туралы шешімін құптады, бұл туристік ағынның ұлғаюына және өзара сапарлардың жеңілдетуіне ықпал етіп, түрлі салалардағы өзара іс-қимыл үшін қосымша перспективалар ашады.
Сондай-ақ сұхбаттастар өңірлік және жаһандық күн тәртібін талқылап, өзара тиімді байланысты одан әрі тереңдетудің перспективалары туралы пікір алмасып, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ықпалдастықтың одан әрі перспективалық бағыттарын айқындайтын Қазақстан мен Оман сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастығының жол картасына қол қойылды.