Қорғаныс министрлігі алғаш рет Алматы мен Қарағандыдағы әскери колледждерге қабылдауды жүргізуде

1463
Фотосурет: Gov

Бұл жайлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен әскери оқу орындарына қабылдау мәселелері жөніндегі брифингте Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің (ӘБҒД) бастығы полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Журналистермен кездесуде ол әскери білім берудің қолданыстағы жүйесі, Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына қабылдау шарттары, мамандықтар, оқу мерзімі және кадеттер мен курсанттарға қарастырылған жеңілдіктер туралы айтты. Қорғаныс ведомствосының өкілі Қорғаныс министрлігінің қарамағында Щучинск қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж, Астана қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж және Шымкент қаласында Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж бар екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек Алматыда «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжі, Қарағандыда Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледж құрылады. Біріншісінде «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы» және «барлау, десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару», екіншіде – «зымыран және артиллерия әскерлерінің бөлімшелерін басқару», «заттай қамтамасыз ету» және «азық-түлікпен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша даярланады. Колледж не «кіші сержант» әскери атағы беріліп, келісімшарт бойынша қызмет өткеру үшін Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, ТЖМ және Ұлттық ұланға жіберіледі.

Бұдан басқа, оларға ҰБТ тапсырусыз конкурстық негізде ұқсас бағыттар бойынша қысқартылған оқу мерзімдері бар білім беру бағдарламалары негізінде әскери институттарға оқуға түсу құқығы беріледі. Жоғары білім деңгейі бойынша офицер кадрларды даярлау Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Ақтөбеде – Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүзеге асырылады. Оқу кезеңінде курсанттар тегін тұрғын-жаймен, қаражатпен, азық-түлікпен, заттай және медициналық үлеспен қамтамасыз етіледі. Түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі, содан кейін олар одан әрі қызмет өткеру үшін әскерлерге жіберіледі.

Қорғаныс ведомствосының өкілі биыл әскери жоғары оқу орындарына түсу мәселесі бойынша азаматтардың жергілікті әскери басқару органдарына жүгінуінен басқа балама нұсқа – EGOV порталы арқылы құжаттарды тапсыру қарастырылғанын да айтып өтті. Үміткерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, нақты медициналық куәландырудан және дене шынықтыру дайындығы бойынша тексеруден өтуі керек. Қорытынды кезеңде конкурстық іріктеу және қабылдау жүргізіледі.

Әскери жоғары оқу орнында білім ала отырып, жастар сұранысқа ие мамандықты ғана емес, сонымен қатар басқа да артықшылықтар мен әлеуметтік жеңілдіктер алады, атап өтсек, әскери білім ордасын аяқтаған түлекке лайықты ақы төленетін жұмыс орны мен тұрғын үй мәселесін шешуге кепілдік беріледі Деді ӘБҒД бастығы

Естеріңізге сала кетсек, әскери колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттардың тізбесі, үміткерлерге қойылатын талаптар Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы № 35 «Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларында» көрсетілген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -