Менің ата-әжем екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Грузиядан Қазақстанға қоныстанды.
Әрине, туған елін тастап кету менің ата-анам үшін оңайға соқпады.
Ішкі қақтығыстардан күйісі кетіп, берекесі қашқан олардың тығырықтан шығар басқа жолы болмаса керек-ті. Неге екенін білмедім, ел шығысындағы Семей қаласына қоныс аударыпты. Тарғыл тағдыр тауқыметі тар жол, тайғақ кештіргенімен тамырын тереңге жайған таңсық өлкеде тыныстары тарылмапты.
Шаруада шашау шығармайтын әкешім қиюын қиыстырып бір істі дөңгелетіп әкетсе керек. Әйтеуір, мен көйлегі көк, қарыны тоқ отбасыда өмірге келдім. Семей жұртқа бірден бауыр басып кеттік. Бұл кеудемізден итермей, құшақ аша қарсы алған жергілікті жұрттың даладай кең пейілінен болса керек. Сондықтан қиын-қыстау шақта қолдау танытқан семейліктерге айтар менің алғысым шексіз. Өз баласынан кем көрмейтін қала тұрғындарына ризашылықтан басқа алып-қосарым жоқ. Менің Азиз атты есімім де жұрт өре түрегеліп, дүрлігетін ныспы емес. Азиз есімі қазақ жұртына да тән екен. Содан болар кез келген ортада кісікиіктенбей, тез сіңісіп кетемін.
Мен қоршаған қарашаның қайырымдылығынан болар, менің де Отанға деген махаббатым сондай ыстық. Сондықтан болар, бұғанам бекіп, қабырғам қатайған тұста, белімді бекем буып Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн санадым. Дархандығы даласынан дарыған қазақ жұртымен алғыс күнін атап өтіп, бейбіт елдің аспанында мамырыжай күн кешейік.
Азиз Тамеров, 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері