Еңбек нарығы: жұмыспен қамтуды қолдау шараларын жүзеге асыру

3388
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру туралы айтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 979 мың азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Асқар Биахметов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн бірлікке дейін ұлғайту көзделеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млн-ға жетті.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 979 мың азамат жұмыспен қамтылды, оның 714 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 65 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 314 мыңнан астам адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 359 мың адам және тағы 241 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасты», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Асқар Биахметов ай сайын Еңбекминінің ақпараттық жүйелері арқылы жұмысқа орналасқандардың міндетті зейнетақы жарналарының бар-жоғын тексеру және олармен электрондық еңбек шарттарын жасасу арқылы жұмысқа орналасуға мониторинг жүзеге асырылатынын айтты.

Жұмыс орындарын құру мониторингінің нәтижелері бойынша зейнетақы жарналары жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санының 85%-на түскені, шамамен 60%-да электрондық еңбек шарттарының болғаны анықталды.

2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 325 мың азамат тартылды.

67,5 мың адам үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды, оның ішінде: білім беру ұйымдарында – 7,8 мың адам, жұмыс берушіде – 1,9 мың адам, Skills Enbek платформасында онлайн-оқытумен 57,7 мың адам қамтылды. Оқудан кейін барлығы 14,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.

«Онлайн курстардан өткен азаматтардың жалпы санының 52 мыңнан астамы немесе 91%-ы оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алды.

Бүгінде Skills Enbek-те жаңа дағдыларды игеруге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдіретін кез келген азамат үшін 858 курс бар, оның ішінде 311-і тегін. Осы жылы VR және AR-технологияларды пайдалана отырып, жаңа практикалық курстар да қолжетімді болады», – деді Асқар Биахметов.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытумен 60 мың адам қамтылды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 188 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: қоғамдық жұмыстарға – 110 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15,5 мың адам, жастар практикасына – 33 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде – 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» – 420 адам, «Күміс жас» – 19,1 мың адам.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың тағы бір бағыты азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарына мемлекеттік гранттар беру болып табылады.

«2024 жылы гранттар екі ағынмен берілді, жоспарланған 9 мың адамның 8 941-і қамтылды. Бұл ретте грант алушылардың 64%-дан астамы ауылдық жерлердің тұрғындары болып табылады», – деп толықтырды Асқар Биахметов.

Грант алушылардың негізгі үлесі технологиялық жабдықты сатып алуға ақшалай қаражатты пайдаланды (44%), мұнда қатысушылардың ең көп саны Түркістан (923 адам) және Қызылорда (602 адам) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (211 адам) байқалды.

«Грантқа өтініш берген кезде үміткер міндетті түрде бизнес-жобаны іске асыру нәтижелері бойынша жұмыс орындарын құрудың жоспарлы көрсеткішін көрсетеді. Осылайша, грант алған тұлғалар өздерін жұмыспен қамтамасыз ете отырып, қосымша 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрды. Жұмыс орындарының көбі Жамбыл (941 бірлік), Қызылорда (920 бірлік) және Түркістан (482 бірлік) облыстарында құрылды», – деп атап өтті вице-министр.

Ол сондай-ақ халықты жұмыспен қамту саласында іске асырылған цифрлық жобалар туралы егжей-тегжейлі айтты.

Еңбекмині «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасын құрды, ол кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылатын жобалардың тиімділігіне уақтылы мониторингті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жүйеде 168 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 906 инвестициялық жоба бойынша мониторинг жүргізілуде.

Оқушыларға болашақ кәсіпті таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» платформасы енгізілді. Платформада сұранысқа ие 400-ден астам кәсіп туралы ақпарат бар.

«ТжКБ және ЖОО студенттері үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын таңдауға мүмкіндік беретін функционал іске асырылды. Студенттер нақты дағдыларды игеріп қана қоймай, кейін практикадан өткен кәсіпорында жұмыс қарастыра алады. Бүгінде 610 жұмыс беруші практикадан өту үшін 3,8 мың бос орын орналастырды, 130 ТжКБ ұйымдары тартылды, студенттерден 15 мың сауалнама алынды», – деді Асқар Биахметов.

Бұдан басқа, брифинг барысында вице-министр Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтып берді.

«Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам санында бағаланады, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге шамамен 900 мың және жұмысшы мамандықтары бар мамандарға 400 мыңнан астам. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында сұранысқа ие. Бұл салаларда жұмысшы мамандықтарға сұраныс 56%-ды құрайды», – деді Асқар Биахметов.

Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысшы кәсіптер жылын өткізу шеңберінде іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты бастады. Мемлекеттік органдардың салалық жоспарлары жаңа кәсіпорындар ашу және жаңа жұмыс орындарын құру (тұрақты және уақытша) бойынша негізгі көрсеткіштерді қамтиды.

«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау үшін кемінде 35 мың тәлімгерді тарту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. Жұмыс берушіде жұмыссыздарды жұмыс орындарында ұзақтығы 6 айдан аспайтын кәсіптік оқыту ұйымдастырылады.

Осы жылы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады. Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды, тағы 5-інші орталықты ашу жоспарлануда, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталық болады.

«Жыл ішінде кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылатын болады. ТжКБ-ның үздік 1 мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған. «Мансап компасы» платформасының базасында
100 мың адамды қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілетін болады.

Жоғарыда аталған шараларды қабылдау кірістерді арттыруға, іскерлік белсенділікті жандандыруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді вице-министр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -