Азия ойындарының қорытындысы: қысқы Олимпиада-2026 алдында нені өзгерту керек?

1430
Фотосурет: Gov

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарының қорытындысы және Қазақстан ұлттық құрамасының 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындығы бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрінен сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Биатлон, конькимен жүгіру және фристайл-акробатика сияқты спорт түрлеріндеотандастарымыз жүлдеге қол жеткізгенімен, кейбір бағыттарда спортшылар медаль олжалай алмады.

Ербол Мырзабосынов кей спорт түрлерінде көрсеткіштің көңілден шықпағанын атап өтіп, бұл мәселені терең талдаудың маңызына тоқталды.

«Федерацияларға барлық жағдай жасалды. Қажет мамандармен, техникалық жабдықтаумен қамтамасыз етілді. Алайда кейбір спорт түрлерінде нәтиже көңілден шықпады. Мұның себебіне толық талдау жасалуға тиіс» Ербол Мырзабосынов

2026 жылғы қысқы Олимпиадаға бір жылдан аз уақыт қалды. Осыған байланысты министр қысқы спорт түрлері федерацияларына, өңірлік спорт басқармаларына және бағынысты мекемелергедайындықты ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Қысқы Олимпиадаға дайындық – басты міндет. Спортшылардың бар мүмкіндігін іске асыру үшін қажет жағдай жасалып жатыр.Олимпиада лицензиясын алуға үміткерлерге жеке жоспар дайындалды. Әр спортшы үшін жеке қадағалау жүргізіліп, инвентарь, медициналық қолдау (WADA талаптарына сай дәрі-дәрмек пен спорттық тамақтану), психологтың көмегі, нутрициолог пен дәрігер кеңесімен қамтамасыз ету қарастырылған.Сондай-ақ арнайы спорттық жабдықтар, бағдарламалар дайындау, қажет болса, жеке жаттықтырушылардың іссапары қамтамасыз етіледі. Спортшыларды бәсекеге қабілетті ету үшін инновациялық әдістер мен ғылымға негізделген тәсілдерді енгізу қажет» Ербол Мырзабосынов

Министр қысқы спорт түрлерінде елдің имиджін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

«Халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсету – ел абыройы. Бізде дарынды спортшылар бар, тек оларға дұрыс жағдай жасау керек. Әр жаттығу, әр жарыс – болашақ жеңістің іргетасы. Сондықтан бар күшімізді салып, Олимпиадаға дайындалуымыз қажет» Ербол Мырзабосынов

Еске сала кетейік, XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -