Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен KASE индексінің, Kaspi.kz АҚ (-4,7%), «Эйр Астана» АҚ (-5,0%) және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (-5,3%) өкілдік тізіміне кіретін акциялар бағасының төмендеуі есебінен 2025 жылғы қаңтарда 786,9 млрд теңгеге немесе 2,4%-ға төмендеп, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 32,1 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Эйр Астана» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен бір айда 35,1%-ға немесе 10,2 млрд теңгеге азайып, биыл қаңтар айында 18,8 млрд теңгені құрады.
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 83 эмитенттің 98 атауының акциялары болды, оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді.
2025 жылғы қаңтарда KASE индексі 1,2%-ға 5 644,41 тармаққа дейін ұлғайды.
«KASE Global» секторында 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 47 атаудағы акциялары және 56 шетелдік эмитенттің 13 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі негізінен Tesla, Inc акцияларымен сауда-саттық көлемін азайту есебінен бір айда 41,5%-ға немесе 5,4 млрд теңгеге азайып, 2025 жылғы қаңтарда 7,5 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2025 жылғы қаңтарда 2,3%-ға немесе 317,2 млрд теңгеге 14,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2025 жылғы қаңтарда негізінен алдыңғы аймен салыстырғанда бастапқы нарықтағы сауда-саттық көлемінің азаюы есебінен 83,0%-ға немесе 491,4 млрд теңгеге 101,0 млрд теңгеге дейін азайды. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша KASE сауда тізімінде 125 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 512 шығарылымы болды.
Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 44,8 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштен 90,3%-ға немесе 416,4 млрд теңгеге төмен.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2025 жылғы қаңтарда 0,2%-ға 27, 0 трлн теңгеге дейін төмендеді.
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 2,5 есе немесе 344,1 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша 0,6 трлн теңгені құрады.
МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 12 еседен астам немесе 262,5 млрд теңгеге 0,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде Қаржы министрлігі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 286,1 млрд теңге тартты.
Ұжымдық инвестициялау нарығында 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 58 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 33 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді.
Инвестициялық пай нарығындағы басқарудағы активтер 2025 жылғы қаңтарда негізінен жекелеген инвестициялық қордың шетел валютасын теріс қайта бағалау есебінен 0,4%-ға немесе 1,5 млрд теңгеге азайып, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 350,2 млрд теңгені құрады. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 301,4 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 86,0%-ын бағалы қағаздар портфелі құрады.
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 40 брокер мен дилер (16 банк және 24 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.
2025 жылғы қаңтарда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 6,4%-ға ұлғайып, 3 723,9 мың шотты құрады, оның ішінде:
- депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 686,7 мың қосалқы шотқа дейін 1,3 мыңға немесе 0,2%-ға ұлғайды;
- брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттардың саны 3 037,3 мың шотқа дейін 221,9 мыңға немесе 7,9%-ға ұлғайды.
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 2025 жылғы қаңтарда негізінен бағалы қағаздарды сату нәтижесінде 5,1%-ға немесе 39,6 млрд теңгеге азайып, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 729,9 млрд теңгені құрады. Міндеттемелер негізінен РЕПО операцияларының азаюы есебінен 14,8%-ға немесе 35,7 млрд теңгеге 205,4 млрд теңгеге дейін азайды. Меншікті капитал қаржы активтері құнының өзгеруінен түсетін кірістердің төмендеуі аясында 3,8 млрд теңге мөлшерінде алынған шығын нәтижесінде 0,7%-ға немесе 3,8 млрд теңгеге 524,5 млрд теңгеге дейін төмендеді.