Қазақстан мен ЕО: энергетика мен экологиядағы ынтымақтастық перспективалары

2112
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 5 наурызда Бельгияның Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақтың энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі кіші комитетінің 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан делегациясын ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов басқарды.

Отырысқа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Вице-министр ЕО-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, серіктестік жылдары екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін берік негіз қалыптасқанын айтты.

Қазақстан шетелдік серіктестерге қолайлы инвестициялық жағдайлар ұсына отырып, мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Маңызды бағыттардың бірі – еуропалық компанияларды шикізатты терең өңдеу жобаларына, өндірісті жергілікті деңгейде дамытуға және жоғары технологиялық қуаттылықтарды құруға тарту. Бұл мақсатта Арнайы экономикалық аймақ шеңберінде салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, құрлықта және теңізде жүзеге асырылатын күрделі әрі ауқымды жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарт механизмі енгізілген. Саланың дамуы үшін мұнай-газ машина жасау саласындағы халықаралық даму орталығымен әріптестік маңызды рөл атқарады, бұл жергілікті өндірісті дамытуға және технологиялар трансферіне ықпал етеді.

«Жасыл» энергетика саласында Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі мақсатын ұстанатынын жоғары бағалады. Өз кезегінде, Қазақстан еуропалық компанияларды жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу бойынша аукциондарға, сутегі энергетикасы саласындағы жобаларға және парниктік газдар шығарындыларын азайту шараларына қатысуға шақырды. Кездесу барысында «жасыл» қаржыландыруды жұмылдыру, технологиялық алмасу және кадрлық әлеуетті дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Тараптар Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы «жасыл» бастамаларды жүзеге асырудағы серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ тұрақты даму бойынша қолдау тетіктерін әзірлеуге мүдделілік танытты.

«Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» кіші комитетінің келесі 9-шы отырысы 2026 жылы Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -