Үкімет отырысында уақыт белдеуі мәселесіне назар аударылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға және еңбек өнімділігіне іс жүзіндегі әсеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады. Кешенді мониторинг сараптамалық қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып жүргізілді.
Фотосурет: primeminister.kz
Талдау нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсер етпейтінін көрсетті. Денсаулыққа, энергияны тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, ЖКО деңгейіне және қылмысқа әсерін қоса алғанда, 40-тан астам метрика мен көрсеткіштер зерттелді. Кешенді тәсілде деректерді талдау, сауалнамалар мен уақыт ауысуына дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыру қамтылды.
Сонымен қатар министр Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) мәслихат депутаттары жұмыс кестесін түзету жөніндегі бастаманы қолдағанын хабарлады. Қазір ол 8:00-ден 17: 30-ға дейін түзетіліп, тұрғындар тарапынан оң бағасын алды.
Мониторинг нәтижелері биылғы наурыз айының басында Мәжілістегі партия фракциясына ұсынылғаны атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті» Деп атап өткен Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент Мәжілісімен бірлесіп тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды