Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мажарстандық «UBM Group» компаниясының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар Қазақстанда премикстер мен құрама жем өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Жоба аясында 2025 жылдан 2027 жылға дейін қуаттылығы жылына 48 мың тонна премикс және 300 мың тонна құрама жем өндіретін 3 зауыт, қосымша-зертхана мен тренинг-орталық салу ұсынылды. Жобаны сәтті іске асырған жағдайда Қазақстанда премикс өндіретін алғашқы ірі зауыт және құрама жем өндіретін ірі кәсіпорын пайда болады. Бұл елімізге 250 мың тоннадан астам импортталатын құрама жем өндірісі бойынша импортты алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Вице-премьер атап өткендей, мал шаруашылығын отандық өндірістің сапалы жемімен қамтамасыз ету еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетудің стратегиялық маңызды міндеттерінің бірі. Биылғы жылы австралиялық әдіс бойынша мал шаруашылығын дамыту жобаларын қолдау бағдарламасының басталуын ескере отырып, мұндай жобалар жем-шөп нарығының құрылымын сапалы өзгерту және ет өндірісінің құнын арзандату үшін қажет.
«Қазақстан астықты, етті, сүтті терең өңдеу бойынша жобаларды дамытуға мүдделі. Жақында біз бірқатар салаларға инвестицияларға тапсырыс жарияладық, олардың арасында азық-түлік өндірісі ерекше орын алады. Біз елді өзінің азық-түлік өнімдерімен, әсіресе әлеуметтік азық-түлікпен, тұрғындар қажеттілігінің кем дегенде 90%-ын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Сіздің компанияңызды осы салаға инвестициялау мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамыз» Серік Жұманғарин
Өз тарапынан UBM Group акционері Варга Акош Қазақстанда жаңа өндірістер құруға дайындығы мен жоғары қызығушылығын білдірді. Ол үшін кәсіпорынның қажетті тәжірибесі, қуаты, заманауи технологиялары бар. Жоба Қостанай, Қарағанды облыстарында және Алматыда зауыттар салуды көздейді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында бизнес бойынша серіктес және зауыт құрылысына арналған орын анықталды, Қостанай мен Алматыда да серіктестер бар, бірақ зауыт құрылысының орнына қатысты мәселе шешілген жоқ. Мажарстандық инвесторлардың Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тағы бір зауыт салу жоспарлары бар, бірақ оны іске асыру үшін Қазақстандық серіктес әлі табылмаған. Акош Варга вице-премьерге Қостанай облысы мен Алматыда құрылыс орнын анықтай отырып, мәселелерді тез арада шешуге көмек көрсету туралы өтініш білдірді.
Кездесуге қатысушылар іске қосылған өңірлер әкімдерінің орынбасарларымен бірлесіп, учаскелерді бөлуде туындайтын барлық қиындықтарды және оны тезірек іске асыру үшін жобаға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды талқылады. Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер өңірлерге АШМ-мен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін инвесторлар жобаны іске асыруды кешіктірмей, осы жылдың екінші тоқсанында жер жұмыстарының кезеңіне кірісуі үшін жер учаскелерін анықтауды тапсырды.