Қазақстан мен Түркия бірқатар стратегиялық бағыттар бойынша байланыстарын нығайтуда

1529
Фотосурет: Gov

Ресми сапардың шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Анкарада Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоглумен кездесті.
Келіссөздердің барысында бірқатар стратегиялық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл - ауруханалық инфрақұрылымды дамытуға және қазақстандық фармацевтикалық өнімді өндіруге инвестициялар тарту, клиникалық практикада, медициналық білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында озық тәжірибелермен және технологиялармен алмасу мәселелері, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Тараптар ағымдағы жылы Қазақстан төрағалық ететін түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қатысушы елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуін егжей-тегжейлі талқылады, ТМҰ елдерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жылына арналған іс-шараның алдағы күн тәртібімен танысты.

Іс-шара түркітілдес елдердің арасында медицина саласындағы негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылауға арналған алаң болады. Салалық кездесудің күн тәртібіне ортақ медициналық платформа құру, кадрлармен алмасу және персоналды оқыту, шұғыл медицина және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы өзара іс-қимыл, фармацевтика мен дәрілік препараттар өндірісіндегі ынтымақтастық және т. б. сияқты ынтымақтастық бағыттары ұсынылды.

ТМҰ-ға қатысушы елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуін 2025 жылғы 7-8 сәуірде Астанада өткізу жоспарланған, ол Дүниежүзілік денсаулық күніне орайластырылады.
Бұдан әрі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы түрік инвестицияларының қазақстандық фармацевтика мен медициналық инфрақұрылымды дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, осы маңызды бағытта әріптестікті арттыруға дайын екендігін білдірді.

Сонымен қатар, отандық жоғары оқу орындарының жетекші шетелдік университеттермен интеграциясының төмен деңгейіне байланысты қазақстандық тарап отандық медицина университеттерінің базасында түрік жоғары оқу орындарының филиалын ашуға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің арасында төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тобын құру туралы бастама көтерді.

«Бұл сапар елдеріміздің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадам болды. Біз тәжірибе алмасуға, мамандарымызды оқытуға және Қазақстанда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін емдеу мен диагностиканың инновациялық әдістерін енгізуге мүдделіміз», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Сапардың бірінші күні Ақмарал Әлназарова TÜSEB ғылыми-зерттеу институтына және елдегі ең ірі медициналық орталықтардың бірі «Ankara Bilkent Shehir Hastanesi» Билкентке барды.
Түрік тарапымен келіссөздердің нәтижесінде студенттерді Түркияның медицина университеттеріне оқуға жіберу, үздік түрік клиникаларында басым бейіндер бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, онкологиялық көмек көрсету және жаңа туған нәрестелерге хирургия саласындағы екіжақты ынтымақтастық жаңа серпін алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -