Қозыбаев университетінде «Серпін» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілермен меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Қозыбаев университетін 1352 студент бітірді. Түлектердің 40%-ға жуығы жұмысқа орналасты. «Серпін» бағдарламасы жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу сияқты жұмыс күші көп 5 өңірден үміткерлерді тартуға бағытталған.
Бұл жұмысты үйлестіру үшін 2024 жылғы 24 қазанда облыста жол картасы бекітіліп, Қозыбаев университетінің базасында барлық мүдделі мемлекеттік органдарды қамтитын «Серпін Қолдау» аймақтық жобалық кеңсесі құрылды.
Басты міндет – әрбір студент пен түлекке жеке қолдау көрсету. Олардың әрқайсысы бойынша жобалық кеңседе оқу үлгерімі, құзыреттілік және жеке қасиеттерді ескере отырып, профильдеу жүргізіледі. Үшінші курс студенттері кәсіпорындар мен мекемелерге дуальды оқытуға жіберіліп, жеке еңбек шарты жасалғанға дейін оларға толық қолдау көрсетіледі. Оңтүстік өңірлерден келгендер үшін бейімдеу және мәдени интеграциялау жұмыстары жүргізіледі.
Соңғы жылдары «Серпін» бағдарламасы жаңартылған. Енді жоғары оқу орнын бітірген түлектер 2 жыл (бұрын 3 жыл) жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар Қозыбаев университетінің түлектеріне Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің жұмыс күші тапшы 8 өңірінде де жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріліп отыр.
Аталған бағдарлама бойынша университетте 167 студент білім алады. Биыл университетті техникалық, IT, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтар бойынша 65 түлек бітіреді.