Той-домалақ, ойын-күлкі ортасында алаңсыз жүрген көп жігіт тәртіп пен талап үстемдік құрған әскерге келген бастапқы күндері үрпиісіп қалатыны рас. Жаңа қала, жаңа жер, жаңа орта кім-кімге болмасын әсер етпей қоймайды. Оның үстіне олар енді ғана мектеп бітіріп, оқуын аяқтаған бозбалалар емес пе? Міне, осындай ақ парақтай албырт азаматтарды бір жылда нағыз әскери етіп шығару керек. Бұл тиімді ұйымдастырылған оқу-жаттығулардың және жауынгерлік қызметтің арқасында ғана іске асады. Осы ретте 6655 әскери бөліміне келген сарбаздар жауынгерлік оқу пунктінде білім алып жатыр.
Әскерге енді келген сарбаздарды даярлау Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының алғашқы әскери және қызметтік-жауынгерлік даярлық бағдарламасы бойынша бір ай уақытты қамтиды. Олар мұнда әскери өмірдің әліппесімен танысып, жауынгерлік қызметке кірісер алдындағы нұсқаулықтардан өтеді. Теориялық білімнен басталған сабақтар, тәжірибелік кезеңмен жалғасады. Осы аралықта жауынгерлер Жалпыәскери жарғы мен әскери ант талаптарын үйреніп, Ұлттық ұлан атқаратын міндеттердің маңызымен танысады. Қарауыл қызметін атқару әдіс-тәсілдерін үйренеді. Сондай-ақ қаруды, жеке броньды қорғаныс құралдарын қолдану тәртібін және оларды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын меңгереді. Өздерінің лауазымдық міндеттерін біледі.
Біз іссапармен барған күні оқу пунктіндегі бір бөлімше саптық даярлық жасап жатса, екіншілері қарауыл сақшыларының қызмет алгоритмін пысықтап жатты. Енді бір бөлімше жауынгерлері АК-74 автоматынын бөлшектерімен танысып, оны құрастыру және бұзуға дағдыланып отыр екен. Әскери бөлімде ұзақ жыл қызмет атқарып келген аға сержант Нұрдәулет Айшәріпов жауынгерлерге әр бөлшектің атауы мен қызметі жайында егжей-тегжейлі ақпарат беріп, асқан ыждағаттылықпен түсіндіріп отырды. Сарбаздар оның әр сөзін ұйып тыңдайды.
Айтарын айтып болған соң аға сержант Нұрдәулет Айшәріпов «Бұл не?» деп саңқ ете қалады. Сарбаздар хормен бір жауапты бірнеше рет қайталайды: «Ұңғы, ұңғы, ұңғы!» Сырттан қараған адамға жаңа үйренген әріпін мұғалімге жамырай қайталаған бірінші сынып оқушылары секілді көрінеді. Бірақ «Қайталау – білім анасы» дегендей, сарбаз санасына сіңісті болуы үшін ақпаратты осылай жеткізген де дұрыс тәрізді.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіттердің бір – Әсет Чолпанқұл. Тараз қаласынан шақырылған 22 жастағы сарбаз бұған дейін киберспортпен әуестенген. Сондықтан күнінің көп бөлігін ойын компьютерінің алдында өткізген. Сағаттап Countr-Strike ойнаған ол кейін мұны табыс көзіне айналдыруға ұмтылған. Осы ретте арнайы топқа қосылып, турнирлерде бақ сынап көру үшін дайындық жасаған. Компютерлік клубтағы кезекті дайындығынан соң военкомат тексерісінен өтіп, кейін әскерге аттанған.
«Армияға бару туралы ой біразға дейін болған жоқ. Себебі өз-өзіме дисциплина қоя аламын, күн тәртібімді өзім жүйелей білемін деп ойлайтынмын. Ал әскерге келгеннен кейін нағыз тәртіптің, жүйелі жұмыстың қандай болатынын ұғындым. Компьтер мен смартфоннан бас алмай жүргендіктен телефонсыз қалу қиын болар деп топшылаған едім. Бірақ оған қиналып, бас қатырып жүрген жоқпын. Күнделікті оқу-жаттығу мен кезекшіліктер бізді зеріктірмейді. Бос уақыт берілген кезде өзімізді дамытуға, денемізді шынықтыруға тырысамыз. Келгеніме көп болған жоқ. Соған қарамастан Ұлттық ұланның әскери бөліміне тап болғаныма қуанамын. Бәрі де көңілімнен шығуда. Командирлеріміз жарғымен таныстырып, жауынгерлік қызметке баулып жүр. Бізге бәрі де қызық. Бәлкім, сөзіме сенбейтін шығарсыз. Бірақ та мерзімді қызметім аяқталған соң келісім шарт негізінде қалуды ойлап жүрмін. Бұл - өзім үшін де тосын ой, айрықша шешім», - деді қатардағы Әсет Чолпанқұл.
Әп дегеннен-ақ әскери қызметке құлшына кіріскен тағы бір сарбаздың есім-сойы – Дархан Әмірхан. Көп балалы отбасынан шыққан Әмірхан Бақытжанұлы дәстүрлі әнші мамандығын игерген. Бойындағы таланты мен дарыны түр-түсінен байқалады. Ол Елдос Еміл және Нұрым Асқанов секілді өнер иелерін үлгі тұтады. Солардың ізін басып, сахна саңылағына айналсам деген үміттің жетегінде жүрген жігіт алдымен Отан алдындағы борышын атқарып алуды ұйғарған.
«Шынымды айтсам, әскерге келгеніме қуанып жүрмін. Бұл да бір ер азаматтың көжиегін кеңейтетін орта екен. Әскери білім алып жатырмыз. Білмейтін дүниелерім көп. Мен үшін мұндағының бәрі қызық. Әскери жарғыларды жаттап, Әскери ант қабылдауға да дайындықты бастаймыз. Бос уақытымызды қолда бар аспаппен қаруластарыма ән айтып, көңіл сергітеміз. Домбыра, гитара және фортепианода ойнай алатынымның пайдасы шығар, айналама көңіл күй сыйлап жүруге тырысамын», - деді 3 оқу ротасы 13 взводтың сарбазы Дархан Әмірхан.
Бұл сарбаз сөзін ісімен дәлелдеп, қолына гитарасын алды. Саусақтары гитара струнасына тигені сол-ақ еді, өзі де әуенге үнін қосып, тамылжыта ән салды. Әр түрлі қазақ әндерін өзіне тән дауыспен, өзі қалаған мақаммен айтқанда әлдебір ерекшелігі бар екені аңғарылады.
Мұндағы әр жауынгердің әскерге дейінгі өмірі әртүрлі болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналғандықтан келген қалалары мен білім алған жерлері де сан алуан. Бірақ олардың бәрін Отанға деген махаббат пен сүйіспеншілік біріктіріп отыр. Бүгінде олар бір-бірімен жауынгерлік достықтың туын көтеріп, күш біріктіріп алған. Командирлердің діттегені де - осы. Сол себепті жауынгерлер санасында «Сарбаз - сарбазға бауыр» деген қағиданы сіңіруге күш салады. Біз оны сапта тұрған сарбаздардың қосыла хормен айтқан өлеңінен ұқтық.
Қырандай ұшып самғаймыз,
Ел намысын қорғаймыз.
Сарбаз - сарбазға бауыр.
Сарбаз - сарбазға бауыр! - деген шумақ бірлік пен берекеге бастаса керек-ті.
Офицерлердің айтуынша, күн өткен сайын біркелкі әскери үлгідегі киінген сарбаздардың сенімділігі де арта түседі. Уақыт өте келе олар өз ісін толық меңгеріп, білікті әскери қызметшілердің қатарын толықтыратын болады. Әрине, ол үшін тыңғылықты жаттығу мен мол тәжірибе қажет.
«Оқу пунктіне келген сарбаздар бастапқы бір жарым ай көлемінде әскери өмірге даярлықтан өтеді. Мұнда қарапайым дүниеден бастап, маңыз-ды мәселелерге дейін үйретіледі. Мысалы, киім кию әдіс-тәсілдері, саптық жүріс-тұрыс, дене тәрбиесі туралы білім беріледі. Жалпы әскери бөлім сарбаздары қоғамдық тәртіпті қорғайды және қылмыстық атқару жүйелерін күзету бойынша қызмет атқарады. Мен соңғы аталған жауынгерлік қызметке сарбаздарды баулып жатырмын. Алдағы сабақ барысында оларға сотталғандардың қашуға оқталған сәттерінде қолданылуы керек әдіс-тәсілдер жайында үйретеміз», - деді 1 атқыштар ротасы 3 взвод командирі лейтенант Бекарыс Жұбатай.
Жас жауынгерлердің әскери даярлығын қолға алған офицерлер қатарында лейтенант Дәурен Жадырасынов та жүр. Ол қатарға қосылған сарбаздардың сапалы білім алып, мол тәжірибе жинауына бар күш-жігерін салуда. Ол үшін әр жауынгер әскери жарғы мен саптық жаттығуларды жақсы меңгеруге тиіс.
- Осы екеуін тыңғылықты үйренген сарбаздан көп үміт күтуге болады. Бір қуантарлығы жеке құрамның барлығы дерлік үдеден шығып, үміт отын оятып отыр. Біздің мақсатымыз - елім мен жерімді қорғаймын деп келген азаматтарды Отан қорғау ісіне жақсылап баулу. Қару түрлері мен оларды қолдану жолдарын көрсету де бірінші кезектегі міндеттеріміздің бірі. Сонымен қатар тактикалық әдіс-тәсілдерді жеткіземіз. Әрине, ең маңыздысы - қауіпсіздік ережелерін сақтау», - деді взвод командирі лейтенант Дәурен Жадырасынов.
Ал әскери өмірдің алғашқы қадамдарын жасап жүрген жауынгерлер сардарлар мен сержанттардан үйренеріміз көп дейді. Олардың ынтасы мен зеректігі жайлы офицерлер де оң пікір айтып отыр.
«Жігіттер жалындап тұр. Қолға қару алып, оны қолдануды үйренуге асығып жүр. Дегенмен қару-жарақ сезім мен эмоцияға бағынбайды. Қару асынған сарбаз оның құрылымын, қауіпсіздігін және тазалау жолын да білуге тиіс. Бұл жердегі ең бастысы - қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуы. Мұны әр жауынгер анық түсінеді. Сондықтан берілген бұйрықты бұлжытпай орындап, барынша сақтық танытады, - деді лейтенант Д. Жадырасынов.
Қазіргі сәтте оқу пунктінде бірнеше жүздеген сарбаз әскери дарялықтан өтуде. Келешекте бұлардың қатарынан халық арасында ерлік жасайтын, адам өмірін құтқаратын немесе елдің ертеңі үшін еңбек ететін офицерлер шығуы әбден мүмкін. Сондықтан әскери қызметтің алғашқы кезеңдерін асқан зеректікпен өткерген абзал. Себебі мұнда ерлік пен елдікке жақын азаматтардың ірге тасы қаланып, болмыс-бітімі қалыптасады. Сондықтан да әскерді өмір мектебі деп атайды. Ал жауынгерлік оқу пунктінің пәндерін әскери қызметтің әліппесі деп қарасақ жаңылмайтын тәріздіміз.
Жанболат Кенжеғұл, Астана-Ақтөбе-Астана