Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен жүздесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы екі жақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын талқылады. Мәдениет және өнер саласындағы ықпалдастықты тереңдету әрі тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударылды.
Ерлан Қарин Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында көтерген жаңа бастамалары туралы айтты.
Жұмыс сапары аясында екі ел арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Ерлан Қарин мен Саида Мирзиёева Ә. Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік опера және балет Үлкен театрының «Лазги. Танец души и любви» атты қойылымын тамашалады. Сонымен қатар суретші Орал Таңсықбаевтың кескіндемелік және графикалық жұмыстарының көрмесі өтеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.